«Учаске» іс-шарасы: Елордада тұрғылықты жері жоқ 197 адам ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы барысында елордада тұрғылықты жері жоқ 197 адам ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, осы жылдың 1 қыркүйегі мен 1 желтоқсаны аралығында қала аумағында «Учаске» жедел алды алу іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның басты мақсаты - әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтармен тығыз сенімді қарым-қатынас орнату, сондай-ақ халық арасында ішкі істер органдарының имиджін және беделін жоғарылату», - деп атап өтеді департаменттен.

Ведомство мәліметінше, іс шара барысында учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген әкімшілік аумақтарда орналасқан көпқабатты және жеке үйлерді аралап, тұрғындар жайлы ақпарат жинақтайды. Жалдамалы пәтерлерге тексеру жүргізеді. Мәселен, осы уақытқа дейін елорда аумағында тіркеусіз жалға берілетін 264 пәтер анықталып, бұл мәлімет Мемлекеттік кірістер департаментіне хабарланды. Базарларда және басқа да сауда орындарында 250 рейд жүргізілді.

«Нақты тұрғылықты жері жоқ 197 адам ұсталды. Алкогольдік ішімдік ішкені және мас күйінде қоғамдық орындарда болғаны үшін 12 жасөспірім, заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 41, қоғамдық тәртіпті бұзған 92 кәмелетке толмаған бала анықталды. Тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарында есепте тұрған 2 мыңнан астам адам тексерілді. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 9 155 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген таратылған ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар