Учаскедегі науқастарға бауыр басып қаламыз – ақтөбелік мейіргер

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Жұмысын ауруханада тазалықшы болып бастаған мейіргер Зоя Жұмабекова қазір өз аумағына тиесілі науқастардың көпшілігіне бауыр басып қалған. Әр отбасы мүшесін таниды, олардың дертін те жатқа біледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зоя Жұмабекова №2 Ақтөбе қалалық емханасында жұмыс істейді. Ол еңбек жолын қарапайым тазалықшыдан бастаған.

«Мектеп бітірген соң Ақтөбе медициналық колледжіне оқуға түсу үшін құжатымды дайындадым. Бір өкініштісі, мен келгенде құжат қабылдау тоқтатылған. Себебі орын түгел толды. Кейін басқа мамандықты меңгеріп, жұмыс істедім. Көңілім сонда да медицина саласын қалап, 2007-2011 жылдары колледждің кешкі ауысымына түстім. Қазір есептеп қарасам, 36 жасымда партаға қайта отырыппын. Өзім 2001 жылы теміржол ауруханасының тазалықшысы болдым. Ал 2014 жылдан бері учаскелік мейірбикемін», - деді Зоя Жұмабекова. Ол қазір №2 Ақтөбе қалалық емханасында еңбек етеді. Зоя Сейілханқызының тағы бір қыры – тұрғындар психологиясын еркін меңгерген.

«Ауруханада тазалықшы болып жүрген кезде адамдармен тығыз қарым-қатынас орнаттым. Аллергия орталығындағы науқастардың барлық ауру белгісін жетік меңгеріп, өз-өзімді дамыттым. Кейін учаскелік мебдике болған кезде тәжірибенің пайдасын көрдім. Алғашында теміржол ауруханасы жанындағы емханада болып, кейін бәрін №2 қалалық емханаға көшірді. Сол кезде бауыр басып қалған адамдарды қимай, мен де жұмыс орнымды ауыстырдым. Біз 1800-ден астам адамға жауаптымыз. Оларды скринингке шақыру, дәрі-дәрмегін жеткізіп беру, денсаулығы сыр берсе үйіне барып, хәлін білу тікелей міндетімізге кіреді», - деді мейіргер Зоя Жұмабекова.

Жалпы Ақтөбе облысы бойынша 8 мыңнан астам мейіргер бар. Оның 1500-і коронавирус инфекциясы өршіген кезде «қызыл» аймақта еңбек кетті.

«Мейіргердің жұмысын көп адам түсінбейді. Ауырт дертке шалдыққан көңілі түсіп, өшін мейіргерден алып жататын жағдайлар жиі болады. Ал біздің міндет – ауруды алдын ала анықтауға күш салу. Сонымен бірге қазір ұялы телефон бар. Тұрғындар күні-түні хабарласып, кеңес алып жатады. Бір байқағаным, адамдар ашуға тез беріледі, ренжиді. Олардың көңілін тауып, жұмыс істеу қиын болса да қызықты», - деді Зоя Жұмабекова.


Соңғы жаңалықтар