UEFA Чемпиондар лигасы: «Қайрат» сербиялық клубтан басым түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 21 шілдеде UEFA Чемпиондар лигасы екінші іріктеу сатысында Алматының «Қайраты» өз алаңында Сербияның «Црвена Звезда» командасымен алғашқы ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы минуттан алаң иелері алға қарай ұмтылды. Қазақстандық клуб тезірек гол соғудың жолын іздеді. Қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Олардың тарапынан гол соғатын бірнеше мүмкіндік болған еді. Десе де оны өз ыңғайына келтіре алған жоқ.

Ойынның 23-минутында «Қайрат» шабуылшысы Хосе Канте өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Бұрыштамадан әуелете берілген допты баспен қақпаға бағыттап, өзінің командасын алға шығарды.

Екінші кезеңнің 56-минутында қазақстандық клубтан Дино Миканович автоголдың авторы атанды. Осылайша таразы басы теңесті. Ойынның «Қайрат» сапынан Франк Баньяк 78-минутта мергендік танытты.

Кездесуде алматылық клуб қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, екі команда бұған дейін 2015/16 жылғы Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде кездескен болатын. Алдымен 2 шілдеде сырт алаңда 2:0 есебімен басым түскен қазақстандық клуб Алматыда аталған қарсыласын 9 шілдеде 2:1 есебімен жеңді. Осылайша «Қайрат» жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Енді «Қайрат» аталған қарсыласымен сырт алаңда 28 шілдеде қарымта ойын өткізеді. Қос ойынның нәтижесінде басым түскен клуб жарыстың үшінші сатысында 3 және 10 тамыз күндері «Алашкерт» (Армения) және «Шериф» (Молдова) жұбының жеңімпазымен кездеседі.


Соңғы жаңалықтар