ҮЕҰ-лерге грант бөлуді арнайы комиссия шешеді – Мадияр Қожахмет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкіметтік емес ұйымдарға грант бөлуді арнайы комиссия шешеді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде 22 мың үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Егер гранттарды бөлуге арналған соңғы конкурстың нәтижелері жайында айтар болсақ, онда біз 50 жобаны жүзеге асыруға шамамен бір млрд теңге бюджет қаражатын бөлдік. Конкурсқа 328 ұйым қатысты. Оның ішінде елу үкіметтік емес ұйым жеңімпаз деп танылды. Олардың қатарында өткен жылы, екі жыл бұрын тіркелген ұйымдар бар. Саны жағынан айтар болсақ, жаңа және баяғыдан жұмыс істеп келе жатқан ұйымдар арасындағы тепе-теңдік сақталады. Кейбір жобаларды бұл салада 10 жыл жұмыс істеп келе жатқан, ал кейбірін бұл іспен айналыса бастаған ұйымдар жүзеге асырады. Конкурсқа жеңіске жете алмай қалған өзге ұйымдардың кейбірі нәтижемен келіспей, байқаудың ашық өтпегендігін айтады. Мемлекет барлық үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыруды мақсат етпегендігін атап өткім келеді. Сондықтан тапсырыс конкурста өзінің дайындығын әрі нәтижелілігін көрсете алған ұйымдар ғана алды. Қаржы бөлу туралы шешімді мен емес арнаулы комиссия шығарады», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Мадияр Қожахметтің атап өтуінше, гранттық жобаларды жүзеге асыру үшін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы құрылған. Ол соңғы бес жылдан астам уақыт бойы жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар