Уханьға көмекке барған қазақ медбикесі - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Уханьға көмекке барған қазақ медбикесі - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

«Бүгін - Халықаралық медбикелер күні. Осы халықаралық датаға орай, Уханьдағы індет ошағына барып өзінің кәсіби біліктілігмен көптің ықыласына бөленіп келген Баһаргүл Бөдешқызымен сұхбаттасуды және мерекесімен құттықтауды жөн көрдік», деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы» .

Баһаргүл Бөдешқызы 1985 жылы Бұратала қаласының Далда қалашығында туған. 2003 жылы Шыхызы университетін медбике мамандығы бойынша бітірген. Оқу тәмамдаған соң Шынжаңның Қашқар аймақтық 1-ші халық емханасына жұмысқа орналасып, қазірге дейін аталған орында мамандығы бойынша қызмет істеп келеді екен.

Нақтырақ айтар болсақ, Б .Бөдешқызы Қашқар аймақтық 1-ші халық емханасының жүйке жүйесі аурулары бөлімінің аға медбикесі болып қызмет істейді.

Сovid-19 індеті Қытайдың Ухань қаласында өршіп тарай бастағанда, өз отандастарын аса қауіпті індеттен құтқарып қалуға аттанған екі қазақ қызының бірі осы Баһаргүл Бөдешқызы болатын.

«Індет таралғаннан кейін, бүкіл ел бойынша жиыны 340 тан астам емдеу тобы, жалпы 42 мың 600 адам Хубейға көмекке барады. Олардың 70% жуығы медбике болған. Шынжаңдық қазақ бөйжеткен Баһаргүл Бөдешқызы сол медбикелердің бірі еді...», деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Аталған ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, сол уақытта қатерлі індеттің ошағына айналған Ухань қаласына баруға қазақ қызы өзі өтініш білдірген.

«...Баһаргүл өзі жұмыс істейтін емхананың Уханьға көмекке емдеу қызметкерлерін жіберетіндігін естіп, емхана басшылығына көмекке бару ойын айтып, өтініш хатын жазады. 4 ақпан күні ол Шынжаңның көмекке жіберген емдеу тобының бір мүшесі ретінде Ухань қаласына барады. Баһаргүл ең көлемді Фаңсаң емханасындағы індетке шалдыққан науқастарды емдеу-күтімдеумен 1,5 айға жуық жұмыс істейді. Сөйтіп, ол емдеу тобымен бірге дәрігерлік міндетін сәтті орындап, індеттің беті қайтқан шақта 17 наурызда Үрімжіге оралды», деп жазады қытайлық БАҚ.

Эверест шыңы қайтадан өлшенеді - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Әлемге әйгілі Эверест шыңы мемлекеттік табиғи қорық ауданындағы үстірттік табиғат көрінісі ерекше көз тартады. Ол жерден сирек кездесетін жабайы жануарлардың түрлерін көруге болады, деп хабарлайды People Daily.

«Тибет автономиялы өлкесі Рыказы туризмды дамыту мекемесінің басқаруымен 2020 жылы 1 мамырдан бастап Эверест мемлекеттік қорық ауданы қайта ашылады. Туристер Эверест жанындағы Рұңбу бұтханасы маңынан әлемге әйгілі шыңның көрінісін тамашалай алады. Сондай-ақ, «Эверест көрініс ауданы» деп аталатын жауапты мекеме 2020 жылы бүкіл еліміздегі медицина қызметкерлерін тегін саяхаттауға рұқсат берді. Медицина қызметкерлері кәсіби және азаматтық куәлігін көрсетіп тегін кіре алады...», деп жазады қытайлық БАҚ.

Әлемнің ең биік шыңы атанған Эверестті мамандар қайтадан өлшеуге аттанды. Қытайлық БАҚ-тың осы аптада келтірген дерегіне сүйенсек, Табиғи ресурстар министрлігі тарапынан альпинисттерден құралған 30 адамдық топ Қытай мен Непал шекарасындағы Эверест тауының Тибет автономиялық аймағындағы бөлігінен жолға шыққан.

Осы топ шыңға шыққанда GPS және басқада ерекше заманауи жабдықтарымен өлшеу жұмысын жасауға тырысады. Бұл жұмыс 6 мамырдан басталған болатын.

Қытай бұдан бұрын 1975 және 2005 жылдарында Эверест тауының шыңын өлшеу үшін тексеру топтарын жіберген еді. Сол кезе таудың шыңының биіктігі ретімен 8848 метр және 8844 метр деп өлшенген еді.

Эпилепсияны емдейтін алғашқы шөп дәрі клиникалық сынақтан сәтті өтті - «Фарс» ақпарат агенттігі

Ирандық зерттеушілердің талпынысымен қояншық(эпилепсия) ауруын емдейтін алғашқы шөп дәрі клиникалық сынақтан сәтті өтті, деп хабарлайды parstoday.com.

Ирандық ғалымдар жылдар бойғы зерттеулерден кейін қояншық ауруын емдеу үшін «Фенуша» атты шөп дәрінің клиникалық және ветеринарлық сынағынан оң нәтиже алған.

«Қояншық ауруын емдейтін шөп дәріні ойлап тапқан Реза Мазлум Фарсибаф сенбі күні баспасөзде берген сұхбатында, ел іші-сыртында бұл дәрінің аналогы жоқ екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, антитоксинді болуы – осы дәрінің ең маңызды артықшылығы. «Фенуша» дәрісін тұтыну науқастың емделу мерзімін азайтады. Сондай-ақ оның жанама әсері болмайды деп болжануда», деп жазады ирандық БАҚ.

Моңғолиялық қандасымыз қаржылық алаяқтардан сақтану жолын түсіндірді - Kaznews

Диджитал технологияға (digital technology) сұраныс артқан сайын алаяқтар тұтынушылардың жеке мәліметтерін білімсіздік пен абайсыздығын пайдаланып, электронды кеңістіктігіне шабуылдап, қаржылық шығын келтіру жағдайлары жиіледі. Сондықтан Моңғолияның полиция бас басқармасы, Моңғолбанк, Моңғолия банктер одағы бірлесіп, акциялар жасап, қаржылық алаяқтықтан сақтандыру шараларын ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталы.

Аталған басылым осы аптада Моңғолбанктің әлеуметтік білім және ақпарат орталығының аға маманы М.Нұргүлмен кибершабуыл, дереккөздің қауіпсіздігі тақырыбында кең көлемді сұхбат өткізген екен.

Моңғолбанк қызметкері Нұргүлдің айтуынша, қаржылық алаяқтықтың алдын алу банкпен полиция басқармасының ғана шаруасы емес, ол тұтас қоғамның бірлесе күрес жүргізуін талап ететін жұмыс екен.

«...Біз «Арбаған сайын абай бол» шарасы арқылы барлық ақпарат көздерінен азаматтарға мәлімет беруге тырыстық. Ал осы жолғы «Қадағалаған сайын қауіпсіз» шарасын көптеген ұйым мекемелер қолдап, бірлесе жұмыс істеп отыр. Коммерциялық банктер әлеуметтік жауапкершілік аясында демеушілік көрсетуде. Қаржылық алаяқтық тек қана қаржылық ұйымдар мәселесі емес. Жүйелік, салалық деңгейде қауіп төндіретіні айтылуда», дейді банк қызметкері.

Моңғол елінде екі миллион жеті жүз мың адам электронды ортада белсенді тұтынушы саналады екен. Қазіргі індет кезінде азаматтар үйінен онлайн тәртібінде жұмыс істеп, зат, тауар сатып және сатып алып дегендей қарым-қатынасқа түсуде.

Сұхбат беруші М. Нұргүлдің келтірген дерегінше, алаяқтар мұндай мүмкіндікті құр жібермейді. Орайлы сәт пайда бола қалған кезде алдап соғудың өте жетілдірілген жоспарымен әрекет етеді. Ең маңыздысы сізге не қажет екенін өзіңізден бұрын біліп алу тәсілін ойластырады.

«...Бірнеше жыл бұрын азаматтардың білім мен мәліметі аздығын пайдаланып, электронды поштасына тұзаққа түсіру үшін «сіз ұтысқа ие болдыңыз», «сіз АҚШ-қа жол ашатын жасыл карта иесі атандыңыз» деген хаттар көп келетін еді. Енді «өсіммен ақша қарыз береміз», «кепілдіксіз несие береміз» деген сияқты алаяқтық қылмыстардың қатары артуы мүмкін болып отыр. Бүгінгі таңда азаматтар пайыздық өсімі бар қарыз, тәуліктік несиелер көп алуда. Осы тәріздес нәзік мәселелерді алаяқтар ұтымды пайдаланып, өз ойынын бастайды. Сондай-ақ жұмыс, онлайн бизнес жасауға шақыру, тауар ұсыну қатарлы жолмен адамдарды алдап соғады. Басқаша айтқанда, алаяқтық жасаушы тұлға дәл сол сәтте азаматтардың қандай мұқтаждығы бар болса, сол мәселеде тұзаққа түсіреді деген сөз. Соңғы уақытта электронды жолмен жасалатын қылмыс түрлері молайған. Сондықтан азаматтар осы бағыттағы білім мен мәліметтерін арттырып, ғаламтор кеңістігінде абай болып, фейсбук, электронды поштасының кілт сөзін тұрақты алмастырып отыру қажет. Осылай істеу арқылы ғаламтор желісін пайдаланып жасалатын қылмыстардың алдын алуға болады...», дейді Моңғолбанктің әлеуметтік білім және ақпарат орталығы аға маманы М.Нұргүл.

Сардобадағы жағдай қазақ-өзбек елдері қиын кезде бір-бірін қолдайтынын көрсетті - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан Республикасының «Олий Мажлис» заң шығарушы палатасының депутаты Расул Кушербаев өз Telegram парақшасына Сардобадағы апатты оқиғаға байланысты пікірін жазды, деп хабарлайды «ӨзА».

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегінше, Өзбек депутаты көрші бауырлас Қазақстан еліндегі әріптесі Фахриддин Қаратев екеуі арасындағы әңгімені жазып, оқиғадан екі елдің арасына іріткі салмақ болғандарға көңіл бөлмеуге шақырады.

«Кеше ғана Қазақстан Парламент Мәжілісінің депутаты әріптесім Фахриддин Қаратев хабарласып, Өзбекстанда болған соңғы апатты жағдайларға байланысты көңіл айтып, амандық сұрады. Әңгіме арасында Фахриддин ағамның интернет беттеріндегі кейбіреулердің жалған ақпарат таратып, қазақ-өзбек достығы мен арадағы бауырластық сенімді сейілтуге жасаған әрекетінен қапалы екенін айтты. «Достықты бұзатын арандатушыларды» ол кісінің басқа әріптестері де ұнатпағанын айтты. Әлбетте өзімде көп ұлтты Өзбекстан тумасы ретінде туысқан, жақын бауырлас Өзбекстан мен Қазақстан халықтары арасындағы достық пен өзара сенімділіктің мәңгілік сақталуын қалаймын. Өйткені ежелден бір дария бойынан су ішіп, бір дастарқан басында бас қоса дәмдес боп, той-думанда да, қаралы күнде де бір болғанбыз», жазады өзбекстандық депутат.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен бауырластық байланыстарын депутаттың ойынша шексіздікке тең, оны өлшеусіз деп бағалауға болады екен.

«Мен оны ата-бабам, жанұям, қара шаңырағымдағы өсіп келе жатқан ұрпағым бейнесінде бағалаймын. Қазақ пен өзбек ет пен тырнақ секілді. Тарихымызда, болашағымызда біте қайнасқан. Біздердің ең үлкен байлығымызда осы татулық, достық арқылы жалғасын таппақ. Біз қандай жағдай болсада бірі-бірімізге деген сенімімізден айырылмай, бәрінен маңызды достығымызды сақтауға тиістіміз» - деп жазған Расул Кушербаев «Telegram» парақшасында.


Соңғы жаңалықтар