Үкімет коронавирусқа қарсы 268 дәрінің шекті бағасын пысықтап жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов шекті бағасы қойылған дәрі-дәрмектердің тізбесі өзгеретінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тапшылығын болдырмау үшін ұқсас препараттар нарығының коньюктурасы және дәрілік заттар мен оларды өндірушілердің Қазақстан нарығындағы әртүрлілігі қаралды. Ашық дереккөз деректері бойынша депутаттық сауалда аттары аталған кардиомагнил, аспирин, ибуфен, гепарин, сумамед, ксарелто, клексан сияқты дәрілік заттар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының дәріханаларында бар», - деп жазды Ералы Тоғжанов депутаттық сауалға берген жауабында.

Вице-премьердің айтуынша, фармацевтикалық бизнес өкілдері де шекті бағаларды реттеу бойынша Үкіметке мәселе көтерген екен.

«Осыған байланысты аталған мәселелер Үкіметте фармацевтикалық бизнес өкілдерінің қатысуымен бірнеше рет талқыланды. Қазіргі уақытта бизнес өкілдерінің қатысуымен қайта талдау қорытындылары бойынша коронавирусқа қарсы 268 препаратқа шекті баға пысықталуда. Тізбеден 102 препарат алынып тасталды, оның ішінде 43-і – гельдер, жақпа майлар, тамызатын дәрілер, 59 дәрінің басқа түрлері енгізілді. Сондай-ақ, фармацевтикалық бизнес субъектілерінің бөлшек сауда желісіне вирусқа қарсы препараттарды уақтылы жеткізуін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс жүргізілді», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Вице-премьер дәрілік заттардың бағасы мен бар-жоғын мониторинг арқылы бақылап отыру үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері мен «Атамекен» ҰКП-ның дәрілік заттар дерекқорын интеграциялау қолға алынғанын да атады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ералы Тоғжанов коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектің шекті бағасын реттеудің тетіктерін түсіндірген болатын.


Соңғы жаңалықтар