Үкімет ұлттық даму жобаларын бекітті: Экономика салаларында қандай өзгерістер болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ұлттық жобалар қаралды. Биылғы 24 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында ұлттық жобалар бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндалған еді.

Ал бүгін Министрлер кабинеті аталған ұлттық жобаларды талқылаудан кейін бекітті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшу туралы тапсырма берді. Бүгін біз ұлттық жобаларды қарадық, оларды 2021 жылғы 24 қыркүйекте Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте Мемлекет басшысы мақұлдаған болатын. Ұлттық жобалар Жалпыұлттық басымдықтарды, Ұлттық даму жоспарын және Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін әзірленді. Ұлттық жобаларда көзделген іс-шаралар Мемлекет басшысының тапсырмалары мен «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы міндеттерге толығымен сәйкес келеді», - деді Премьер-Министр Асқар Мамин.

Ұлттық жобалардың басымдықты міндеттері - экономиканың тұрақтылығы мен оның бәсекеге қабілеттілігін одан әрі күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша маңызды міндеттерді шешу.

«Міндеттерді іске асыру үшін ұлттық жобаларды бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар есебінен басым қаржыландыру көзделген», - деді Үкімет басшысы.

Ұлттық экономика министрілігі дайындаған үш ұлттық жоба

«Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің тапсырмасын орындау мақсатында, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп үш Ұлттық жобаны әзірледі. Олар «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» және «Кәсіпкерлікті дамыту», сонымен бірге «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты Ұлттық жобалар. Аталған жобалар Еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспарын және «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша жол картасын орындау мақсатында әзірленді», - деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы келесі 5 бағытты қамтиды.

Олар индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ-химия, энергетика кешендерін, геология саласын дамыту, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты арттыруға қатысты. Аталған бағыттарды іске асыру аясында 6 міндет, 13 көрсеткіш және 55 іс-шара көзделген.

Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңгеге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр. Ұлттық жоба 2025 жылға қарай тұрақты экономикалық өсуді 5 пайыздан жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту бойынша шаралар қабылданатын болады. Өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейтуге ықпал ететін 418 индустриялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Ұлттық жоба аясында 1000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы, сондай-ақ 350 жуық экспорттаушыны «Alibaba» және «Amazon» сияқты халықаралық электрондық платформаларға шығару қамтамасыз етілетін болады.

Ал «Кәсіпкерлікті дамыту» бойынша ұлттық жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, сондай-ақ бәсекелестікті кешенді дамытуға бағытталған.

Аталған бағыттарды іске асыру аясында 10 міндет, 30 көрсеткіш және 69 іс-шара көзделген.

«Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 8,5 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджетте 1 трлн теңгеден астам қаржы, ал жергілікті бюджеттерде 125 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, 7,3 трлн теңге сомасына жеке инвестициялар тарту қамтамасыз етіледі. Ұлттық жоба кәсіпкерлік құрылымында сапалы өзгерістерді қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін жеке кәсіпкерлікпен айналысуға жағдайлар жасау, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне сәйкес дағдыларды дамыту, сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданатын болады», - деді Ә. Ерғалиев.

Оның айтуынша, Ұлттық жобаның басты міндеттерінің бірі - кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендету. Ұлттық тауар өткізу желісін құру және жаңғырту жоспарлануда.

Сонымен қатар, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы базалық қызметтерге тең қолжетімділікті және еліміздің көлік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл өңірлер арасындағы қатынасты және өңірлер ішіндегі елді мекендердің бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді. Осы бағыттарды іске асыру аясында 4 міндет, 20 көрсеткіш және 94 іс-шара көзделген. Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 7,6 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджетте 4 трлн теңгеден астам, ал жергілікті бюджеттерде 786 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бұл қаражат шамамен 2,8 трлн теңге жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының негізгі шараларында 13,5 трлн теңге тұрғын үй құрылысына инвестиция тартылады, 16 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері салынады.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірледі.

Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, алдыңғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескерілді. Ұлттық жобаны әзірлеуге халықаралық FAO ұйымының сарапшылары тартылды», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Ұлттық жобаның мынадай негізгі міндеттері айқындалды:

- еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру;

- отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі;

- өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту;

- 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру.

«Ұлттық жобаның басымдығы ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалардың айналасында 7 экожүйе қалыптастыру болмақ. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді. Жалпы, 5 жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр», - деді ведомство басшысы.

Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда.

Ұлттық рухани жаңғыру жобасы

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының басты мақсаты – ғасырлар бойы қалыптасқан Ұлттық кодты сақтап, бүгінгі технологиялық заманның ағымына бейімдеп, болашақтағы өркениеттік сананың негізін бекіту.

«Осы ретте, Ұлттық жоба негізгі үш бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыт екі негізгі міндетті көздейді. Бұл – Елбасы мен Мемлекет басшысының идеялық бастамалары негізінде іске асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жаңа леп беру арқылы ұлттық құндылықтарымызды ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту», - деді А. Балаева.

Атап айтқанда:

- халық арасында ұтымды салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды, елдік тәлім-тәрбие мен рухани үстемдікті дәріптеу және қоғамдық сананың мәдени деңгейі мен талғамын көтеру арқылы өркениет көшіне ілесетін, бәсекеге қабілетті жаңа ұлт келбетін жасау;

- жалпы қоғамда, соның ішінде балалар мен жастар арасында қазақтілді орта қалыптастыру арқылы мемлекеттік тілді – ұлтаралық тіл дәрежесіне жеткізу.

«Бұл міндеттерді орындау үшін 2025 жылға дейін қаржылық жағынан негізделіп, өзара біріктірілген 38 ауқымды іс-шара мен 8 нақты көрсеткішке жету жоспарланған. Екінші бағыт «Ел Рухы» деген атаумен екі үлкен міндеттен тұрады. Бұл – ел ішінде мәдени қызметтердің сапасын көтеріп, халыққа қолжетімділігін арттыру және ел сыртында отандық мәдениетті дәріптеп, танымал ету», - деді министр.

Осы орайда 2025 жылға дейін:

- мәдени инфрақұрылымды дамыту мен шығармашылық потенциалды барынша арттыру арқылы мәдени қызметтердің еліміздің шалғай аудан-ауылдардағы қолжетімділігін 92,5%-ға дейін жеткізу;

- төл мәдениет пен өнеріміздің жетістіктерін әлемдік деңгейде ілгерілету үшін отандық өнімдерді шығармашылық және технологиялық тұрғыда таратудың тиімді жүйесін қалыптастыру.

Бұл мақсатта іріктелген 13 жалпыұлттық іс-шара мен 5 нақты көрсеткішке жету жоспарланған, оның ішінде 250 жаңа мәдени нысан салынып, 1200 нысан күрделі жөндеуден өтетін болады.

«Үшінші бағыт «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталады. Ол – жастардың рухани кемелденіп, кәсіби өсіп, қоғамдық жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды», - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Сонымен қатар 2025 жылға дейін:

- жастардың базалық сұраныстарын шешу, яғни, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету;

- жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу;

- жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті адами капиталдық ресурсын ұлғайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашу.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы

«Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 26 қаңтардағы кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың берген тапсырмасына сәйкес, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленді. Ұлттық жоба халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Ұлттық жоба 4 негізгі бағытты қамтиды», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» атты бірінші бағыт атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді. Бұл бағыт аясында 5 жылдың ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыларды 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауға арналған 8 мыңнан астам контейнер орнату, сондай-ақ олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 18%-дан 34% -ға дейін ұлғайту жоспарлануда.

«Су объектілерінің экожүйесін сақтау бөлігінде «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Балқаш көлінің бассейнінде орналасқан өзендердің су көлемі мен өткізу қабілетін ұлғайту шаралары қарастырылған», - деді министр.

Екінші бағыт «Үнемді Қазақстан» аясында суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыруміндеті аясында 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарлануда. Ұлттық жобада суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған.

«BILIMDI ŪLT» ұлттық жобасы

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «BILIMDI ŪLT» баршаға арналған сапалы білім» ұлттық жобасы әзірленді. Ұлттық жоба - 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарындағы, Қазақстан-2050 Стратегиясы, Мемлекет басшысының және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген негізгі міндеттерді қамтыды. Жалпы ол 4 бағыт, 5 міндет, 15 көрсеткіш және 26 іс-шарадан тұрады.

Бірінші міндет - балабақшалардың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. Ол үшін мектепке дейінгі ұйымдардың желісі дамытылып, мемлекеттік тапсырыс ваучерлік қаржыландыру арқылы орналастылады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық балабақшада баланы дамытудың жаңа моделі енгізіледі. Бұл өте маңызды.

«Соның ішінде балабақшалардың мемлекеттік білім беру стандарты «Ойын арқылы оқыту» принципі бойынша өзгертіледі. Осыған орай, балаларды ерте жастан дамыту бойынша педагогтарға біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылытын болады. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды қамту 95%-ға жетеді, ал 3-6 жаста қамту 100% болады», - деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Орта білім беру жүйесінің сапасын арттыруға тоқталсақ, Ұлттық жоба аясында бір жағынан қала мен ауыл және өңірлер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту, екінші жағынан жалпы республиканың білім сапасын арттыру үшін кешенді шаралар қарастырылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтардың жалақысын әрі қарай өсіру мәселесі қамтылды. Оқулықтарды әзірлеу және оларға сараптама жүргізуге жаңа тәсілдер әзірленеді, педагогтардың кәсіби дамыту жүйесі жетілдірілетін болады.

Пандемияға және алдыңғы оқу жылындағы қашықтан оқытуға байланысты «Цифрлық ұстаз» жобасын іске асыру Ұлттық жобаға енгізілді.

Сонымен қатар, қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етуге тоқталсақ, 2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту көзделген.

«Сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім гранттарының саны өседі. Оқу бағдарламалары жаңа жағдайларға бейімделеді. Ол үшін инновациялық бағдарламалар әзірленеді, білім беру бағдарламалары еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңартылады. Қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 20 академиялық артықшылық орталығы және Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 2 озық жоғары оқу орны құрылады. Сонымен бірге 2025 жылдың соңына дейін шетелдің 5 жоғары оқу орнының филиалын ашу жоспарлануда», - деді министр.

Цифрландырудың ұлттық жобасы

Атап айтқанда, интернет желісінің ену деңгейі, яғни пайдаланушылардың саны 91-ден 95 пайызға жеткізу, мемлекеттік қызметтерді 9 күннен 5 минутқа дейін қызмет көрсету уақытын қысқарту, бизнестен талап етілетін деректердің 50% онлайн есепке алу, Қазақстан аумағы арқылы «Азия-Еуропа» жалпы транзиттік деректердің трафик деңгейін 3%-дан 8%-ға жеткізу ескерілген.

Осы қадамдар «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру аясында іске асырылады.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинніңм айтуынша, ұлттық жоба 10 бағыт және 208 іс-шарадан тұрады, оларды іске асыру 2025 жылға дейін жоспарланған.

Ұлттық жоба екі блокқа бөлінген:

ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ, ол:

– Қызметтерді 5 минут ішінде көрсету;

– IT саласын дамыту;

– Халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекет;

– Ыңғайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдарды қолдану;

– Технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту;

– Сапалы интернет пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

ҒЫЛЫМ блогы:

– Ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

– Елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру, яғни ҒЫЛЫМ-ӨНДІРІС-БИЗНЕС принципін қолдану;

– Ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру.

Ұлттық жобаны іске асыру үшін 1,4 трлн теңге мөлшерінде бюджеттік қаражат бөлу талап етіледі. Оның ішінде цифрландыру және инновацияларға 587,8 млрд теңге және ғылым бағытына 833 млрд теңге қарастырылған. Жалпы, ұлттық жобаны іске асыру үшін 800 млрд теңге жеке инвестицияны тарту қарастырылған.

Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық жобасы

Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 2021-2025 жылдарға арналған «Салауатты ұлт» Әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын таныстырды.

Ұлттық жоба 4 бағыттан тұрады және 9 міндеттен, 21 көрсеткіштен, 72 іс-шарадан тұрады. Ұлттық жобаны қаржыландыру көлемі шамамен 3,6 трлн теңге.

Аса тапшы мамандықтар бойынша резидентураның білім гранттары саны 3800-ге дейін, сондай-ақ әлімнің озық оқы орындарында қарқынды терапияның халықаралық стандарттары тұрғысында оқытылған дәрігерлер артады.

Ұлттық жоба аясында санитарлық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларының үлесін көбейту ескерілген.

Мұнымен қоса, қабылданған шаралар халықаралық стандарттарына сәйкестелген тіркелген зертханалар санын арттыруға, дәрілік әрі медициналық заттардың 30-дан кем емес жаңа өндірісін іске қосуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, темекі тартатын адамдар санын азайту, салауатты өмір салтын ұстанатындар мен спортпен айналысатындар үлесін арттыру қамтылған.

«Экономикалық апектіде денсаулық сақтау саласына жеке инвестицияларды 783 млрд теңгеге дейін арттыру, 13 мың жаңа жұмыс орнын құру, жоспарланған», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар