Украина азаматы ақмолалық полицейлерге алғыс айтты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Украина азаматы істен шыққан көлігін жөндеуге көмектескен ақмолалық полицейлерге ризашылығын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 18 қараша күні түнде «Нұр-Сұлтан – Ерейментау – Шідерті» автожолының 58-шақырымында фургонда электр құрылғысы істен шыққан.

Осының салдарынан көлік жарықсыз қалып, жүргізуші тоқтауға мәжбүр болған.

Азық-түлік тиелген көлік Нұр-Сұлтан қаласынан Павлодарға жүріп бара жатқан.

Бірнеше сағат қаңтарылып жолдың шетінде тұрған көлікті Ақмола облыстық ПД жол-патруль полиция ротасының инспекторлары, полиция лейтенанты Торғаев Батыр-Баян мен полиция лейтенанты Тұрар Нұрғазы көріп, көмекке келген.

Тәртіп сақшылары қатты тоңып, жаураған көлік жүргізушісін қызметтік автокөлікте жылындырып, тамақтандырған. Артынша көлігін жөнеудеге көмектесіп, таңертең жолға шығарып салды.

Көлік жүргізушісі Украина елінің азаматы Анатолий Дораш Қазақстан Республикасының полиция қызметкерлеріне бейнеүндеу жолдап, алғыс айтты.

Онда украиналық жүргізуші Ақмола тәртіп сақшыларының адамгершілігін ерекше атап өтті.



Соңғы жаңалықтар