Украинадағы жағдай Мажарстан мен Қазақстан арасындағы әуе қатынасын қиындатқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресейге қарсы санкциялар Қазақстан-Мажарстан қарым-қатынасына қалай әсер еткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынымен де Ресейге қарсы санкциялар жаһан экономикасына да, жекелеген елдердің экономикасына да әсер етіп отыр. Соның ішінде Мажарстанмен арадағы сауда-экономикалық қарым-қатынасымызда да белгілі бір қиындықтар сезіп отырмыз. Бәрінен бұрын бұл - транзитке, тауар тасымалына байланысты қиындықтар», - деді Мұхтар Тілеуберді Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингіде.

Оның айтуына қарағанда, екі ел арасында әуе қатынасында да кідірістер бар.

«Сондай-ақ, екі елдің астаналарын байланыстырып тұрған Wizz Air әуе компаниясының тікелей рейстері уақытша тоқтатылған еді. Мұның бәрі тікелей Украинадағы жағдайға байланысты. Әріптесімнің Қазақстанға жасап отырған сапарының бір мақсаты - екіжақты әріптестікті әрі қарай дамытудың жаңа жолдарын, жаңа мүмкіндіктерін табу деп ойлаймын», - деді Сыртқы істер министрі.

Айта кетейік, Қазақстанның Мажарстанға экспорттайтын өнім құны 15,4 млн долларға жетті.


Соңғы жаңалықтар