ҰҚШҰ-ға мүше елдер әскери қауіпсіздік мәселесін талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер өкілдері ұйым аумағындағы әскери қауіпсіздік мәселелерін талқылады. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәлім етілгендей, бейнеконференция режимінде өткен кеңес барысында ұйымның жауапкершілік аймағындағы әскери қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ дағдарысқа ден қою тетіктерін жетілдіру және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қарулы күштері авиациясының халықаралық ұшуларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Отырысқа Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан Қарулы күштері бас штабтарының бастықтары, ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы, сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов қатысты.

Сондай-ақ тараптар 2022 жылы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын бірлесіп даярлау іс-шараларын өткізу жоспарын мақұлдады.

Еске салайық, алдағы күз айларында Қазақстан Республикасының «Мәтібұлақ» полигонында ҰҚШҰ әскерлері (ұжымдық күштері) материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелерінің «Эшелон – 2022», барлау күштері мен құралдарының «Іздестіру – 2022» арнайы оқу-жаттығулары мен ҰҚШҰ жедел ден қою ұжымдық күштерінің «Өзара іс-қимыл – 2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар