Ұлттық аспапқа бала күннен аңсарым ауып тұратын – түрмеде домбыра жасайтын шебер

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Ұлттық домбыра күні биыл елімізде бесінші рет атап өтілейін деп жатыр. Қасиетті қара домбыраны ұлықтайтын бұл күннің қарсаңында шеберлерге қос ішекті аспапқа деген тапсырыстың жиілейтіндігі анық. Өскеменде орналасқан қатаң тәртіптегі ОВ 156/2 түзету мекемесіндегі Аслан есімді сотталған да білек сыбана жұмысқа кіріскен. Бірақ ол ҚазАқпарат тілшісіне уақытын бөліп, сауалдарымызға жауап берді.

- Домбыра жасап келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?

- Түзету мекемесіне 2012 жылы түстім. Осында домбыра жасайтын жігіттерге қарап, қызығушылығым оянды. Ақырындап үйрене бастадым. Қолымнан келеді екен. Жалпы бала күннен ұлттық аспапқа аңсарым ауып тұратын. Өзім Тарбағатай ауданы Шеңгелді ауылының тумасымын. Ауылдағы мектепте 4-ші сыныпта оқып жүргенде музыка пәні сабағында домбыра шертуді үйрендік.

Алғаш рет «Еркем-ай» әнін шерттім. Содан кейін басқа да қазақтың халық әндерін домбырамен айта бастадық. Күй шерте алмаймын. Бірақ тыңдағанды ұнатамын. Тыңдаған кезде ерекше сезімге бөленіп, рухтанып, шабыттана түсемін.

Белгілі айтыскер ақын Аслан Ғафуровтың жерлесі болғандықтан айтыс тамашалап өстік. Қазақта мықты ақындар көп қой. Оның ішінде «Алтын домбыра» иегері Рүстем Қайыртайұлының айтысу мәнерін ерекше атап өтер едім.

«Әу» демейтін қазақ жоқ» демекші, біздің әулеттен әуелете ән шырқап, домбыра алып күй күмбірлеткендер аз шықпады. Нағашылар жақтан да өнерге, әнге жақындар көп. Екі туған бауырым Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепті тәмәмдаған. Домбырамен әнді тамаша айтады.

- Осы уақытқа дейін қанша домбыра жасадыңыз?

- Шынымды айтсам, жасаған домбыраларымды санамаппын. Бірақ жүзден асады. Домбыраны қайыңнан жасаймыз. Оның жасалу әдісі әркімде әрқалай. Өзіндік құпиямыз, ерекшелегіміз де бар. Бір аспапқа шамамен 1 аптадай уақыт кетеді.

- Домбыра жасау ынта-ниеті бар кез келген адамның қолынан келе ме? Әлде ол үшін қандай да бір туабітті қабілет керек пе?

- Меніңше, бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін ең әуелі домбыраға деген махаббат болу керек. Сонда ғана оның қолынан сапалы аспап шығады. Қол ептілігі, ұқыптылық, дәлдік қажет.

Домбыра жасауға отырғанда көңіл-күйің, шабытың болмаса қиын. Ондайда жасамай-ақ қойған дұрыс. Өйткені бәрібір ойдағыдай шықпайды. Себебі бұл да өнер ғой. Жиһаз немесе тұрмыста қолданылатын басқа да заттарды жасаған бір бөлек. Ал қазақтың екі ішекті қастерлі қара домбырасын жасау деген үлкен жауапкершілік деп санаймын. Сондықтан жұмысқа отырар алдында домбырамен айтылатын халық әндерін тыңдаймын. Сөйтіп, шабытым оянғанда жаным рахаттанып іске кірісемін.

Қазір түзету мекемесінде домбыра жасаумен 5 адам айналысып келеміз. Бізбен келісім-шартқа отырған жеке кәсіпкер қанша тапсырыс түскенін айтып отырады. Сол бойынша жұмыс істейміз. Қанша теңгеден сатылып жатқанын білмейді екенмін. Бұл бір жағынан уақытты тиімді өткізу әрі табыс көзі. Естуімізше, домбыраларымыз елдің көңілінен шығып жатыр. Соған орай тапсырыс та жиі түсуде.

- Домбырадан басқа қандай да бір аспап жасап көрдіңіз бе?

- Бір рет жетіген жасап көргенім бар. Домбыраға қарағанда қиындау. Алдағы уақытта тағы да жасауды жоспарлап жүрмін. Өйткені өзіме бұл аспап ұнайды. Даусы ерекше, құлаққа сондай жағымды. Бірде қобыз жасауға да оқталдым. Алайда қажетті материалдар болмаған соң, аяқтай алмай қалдым. Келешекте тағы көрерміз.

- Ұлттық домбыра күні мерекесінің сіз үшін маңыздылығы қандай?

- Осындай мерекенің енгізілгенін естігенде қуанбаған, қолдамаған қазақ жоқ шығар. Себебі көне аспабымыз біздің қанымызға сіңіп кеткен десек те болады. Бұл ата-бабамыздан қалған мұра. Елімізде мереке аз емес қой. Ал домбыра күнінің орны бөлек. Осы арқылы өскелең ұрпаққа домбыраны насихаттап, жастардың ұлттық аспапты үйренуге деген құлшынысын оятамыз. Мектептегі музыка сабағында мұғалімдер балалардың талабын байқап, дұрыс бағыт беріп отырса нұр үстіне нұр. Қолдарына домбыра ұстатып, ән-күй үйретіп, концерттерге жиі шығарса талантты өнерпаздар саны арта түседі.

- Жерлестеріңізге айтар тілегіңіз?

- Ұлттық домбыра күнімен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын! Көне аспабымыз ұрпақтан-ұрпаққа жете берсін. Қасиетті домбырамыз төрімізден түспесін!

- Әңгімеңізге көп рахмет!




Соңғы жаңалықтар