Ұлттық банк валюта нарығына қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова 2021 жылы теңге бағамына әсер еткен негізгі факторлар мен 2021 жылғы желтоқсандағы валюта нарығындағы жағдай туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарашаның соңы мен желтоқсанның алғашқы күндерінде «омикрон» штаммы туралы жаңалықтар мен мұнай бағасының бір баррель үшін 65,7 долларға дейін күрт төмендеуі аясында теңге бейрезиденттерден қатты қысым көріп, халық пен заңды тұлғалардың жоғары сұранысына ие болды. Желтоқсанда сауда-саттық көлемі рекордты 4,26 млрд АҚШ долларына жетті. Дамыған елдерге капиталдың жаһандық әкетілуі аясында шетел инвесторларының теңге бойынша кэрри-позициялардан шығуы желтоқсанда күшейіп, шетел валютасына өскен сұранысқа әсер етті. Бір айда шетелдік инвесторлардың салымдары 200 млрд теңгеге (шамамен 452 млн АҚШ доллары) едәуір төмендеді. Осылайша, біздің есептеуіміз бойынша, 2021 жылғы соңғы екі айда бейрезиденттер тарапынан теңге бойынша позицияларды жабу үшін шетел валютасына сұраныс көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асты», - деді Ә. Молдабекова.

Оның айтуынша, желтоқсанда валюта нарығындағы белсенділіктің артуы кәсіпорындар мен халық сұранысының өсуіне байланысты болды. Жылдың соңына таман компанияларда бюджетті игерудің, төлемдерді жүзеге асырудың белсенді кезеңі орын алды, бұл импортқа, тиісінше шетел валютасына сұранысты қолдады.

«Біздің есептеуіміз бойынша, желтоқсанда халық тарапынан қолма-қол шетел валютасына сұраныс күн сайын кемінде 30 млн долларды құрады. Желтоқсанның жекелеген күндерінде валюта нарығындағы ахуал жоғары сұраныспен және өте шектеулі ұсыныспен сипатталды. Бұған дейін біз желтоқсанның басында Ұлттық банк тарапынан интервенция жүргізілеті туралы айтқан болатынбыз. 2 және 3 желтоқсанда бейрезиденттер тарапынан айтарлықтай сұраныс аясында валюта нарығындағы ахуалды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізді, сондай-ақ желтоқсанның соңғы күні жеке және заңды тұлғалар тарапынан сұраныс пен шетел валютасын сатушылардың іс жүзінде болмауы аясында теңгені тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау мақсатында ҚР ҰБ валюталық интервенция жүргізді. Жалпы, Ұлттық банктің 2021 жылғы желтоқсандағы интервенцияларының көлемі 252 млн АҚШ долларын құрады», - деп түсіндірді ҰБ өкілі.

Екінші жағынан, желтоқсанда Ұлттық қор қаражатын бюджетке трансферттер бөлу және квазимемлекеттік сектор тарапынан шетел валютасын сату үшін конвертациялау операциялары теңгеге қолдау көрсетті. Экспорттаушылардың желтоқсандағы салық аптасы ішінде сатуы да шетел валютасын ұсынуды қолдады. Айдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 431,80 теңгеге дейін немесе 0,6%-ға қалыпты түрде нығайды.

«Жалпы, 2021 жылы теңге бағамы мұнай бағасының өсуіне қарамастан, 2,6%-ға әлсіреді. Шетел валютасына сұраныстың негізгі өсу себептеріне тоқталып өтейін. Біріншіден, негізгі себеп – кейінге қалдырылған сұраныс пен экономикалық белсенділікті қалпына келтіру аясында импорттың өсуі. Валюта нарығына негізгі қысымды тұтыну импорты көрсетеді. Алдын ала деректер бойынша, биылғы 11 айда тұтыну тауарларының импорты 2 млрд АҚШ долларына немесе 2020 жылғы 11 айға қатысты +22%-ға және 2,4 млрд АҚШ долларына немесе 2019 жылғы пандемияға дейінгі ұқсас кезеңмен салыстырғанда +27%-ға өсті. Аралық тауарлар мен өндіріс құралдарының импорты ішінара шетелдік инвестициялармен қаржыландырылады. Сондықтан оның валюта нарығына әсері онша маңызды емес», - деді ол.

Екіншіден, бұл – ақша базасының өсуі. Ақша базасының кеңеюі тұтынушылық кредиттеу арқылы ақша массасын көбейтеді, нәтижесінде тұтыну тауарлары импортының өсуіне алып келеді. Дағдарысқа қарсы шаралар мен жеңілдікпен кредиттеу бағдарламалары тұрғысында қаражат бөлу аясында ақша базасы 2020 жылдың басынан бастап 11 трлн теңгеге дейін 1,6 есе ұлғайды, өсу 4,1 трлн теңгені құрады.

Үшіншіден, Мемлекет басшысының зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу жөніндегі бастамасын іске асыру көптеген азаматтарға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және бұрын алынған ипотекалық кредиттерді өтеуге мүмкіндік берді. Бірақ бұл қаражатты түпкілікті алушылар, яғни құрылыс компаниялары мен жылжымайтын мүлікті сатқан жеке тұлғалар алған қаражатының орта есеппен 40-50%-ын (2,5 - 3 млрд доллар) импорт пен шетел валютасына бағыттағанын атап өткен жөн. Құрылыс компаниялары тарапынан бұл – құрылыс материалдары мен жабдықтарының импорты, ал жеке тұлғалар тарапынан бұл – тұтыну импорты мен шетел валютасын сатып алу. Төртіншіден, доллармен салымдар көлемінің өсуі. 2021 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша долларландыру деңгейі іс жүзінде өзгермегеніне және 37,2-37,3% деңгейінде тұрғанына қарамастан, валюталық салымдар көлемінің 1,4 трлн теңгеге өсуі байқалады. Бұл ретте қарастырылып отырған кезеңде айырбастау бағамының әлсіреуіне байланысты бағамдық қайта бағалау шамамен 250 млрд теңгені құрады. Шетел валютасындағы салымдардың нақты өсуі 1,1 трлн теңгені немесе 2,6 млрд АҚШ долларын құрады», - деді Ә. Молдабекова.

«Бесіншіден, дамыған елдерде монетарлық саясатты күшейтудің басталуы, АҚШ долларының нығаюы және дамушы нарықтардан капиталдың әкетілуі теңгеге қысым көрсетті. Жоғарыда атап өткендей, ЕМ елдері валюталарының индексі 2021 жылы 9,25%-ға әлсіреді.

Жалпы алғанда, 2021 жыл бейрезиденттердің қазақстандық бағалы қағаздарға қызығушылығының нетто-ұлғаюымен ерекшеленгенін атап өткім келеді. Осылайша, ҚР МБҚ-дағы бейрезиденттердің үлесі 3,13%-дан 4,26%-ға дейін өсті. Олардың инвестицияларының көлемі 2021 жылдың басындағы 413 млрд теңгеден 2021 жылғы қазанда 863 млрд теңгеге дейін ұлғайды, кейіннен қараша-желтоқсанда 595,5 млрд теңгеге дейін төмендеді», - деді ҰБ өкілі.


Соңғы жаңалықтар