Ұлттық бюроның қатардағы қызметкерінің жалақысы 2-3 есеге артады - Шпекбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық бюроның қатардағы жедел қызметкерінің және тергеушінің жалақысы 2-3 есе артып, 300-350 мың теңгеден кем болмайтын болады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аралық басқарушылық лауазымдарды орындаушылық лауазымдарға ауыстыру арқылы 2 есе қысқарттық. Негізінен, олар басқарма басшыларының орынбасарлары мен бөлімдердің басшылары. Ол орындаушылар қатарын 25%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Артық құрылымдарды қысқарттық. 41 ауданаралық басқарманың 29-ын жаптық. 26 басқарманы бөлімдерге, 34 бөлімді - топтарға түрлендірдік. Ішкі қауіпсіздік құрылымдық бөлімдерін орталық басқарманы айтарлықтай күшейту арқылы оңтайландырдық», -деді  А.Шпекбаев.

Соның нәтижесінде басшылардың орындаушыларға ара салмағы өзгерді. Егер бастапқыда Ұлттық бюрода бір бастықтың бағыныштылары екеу болса, қазіргі уақытта - жетеуге жеткенін айтты.

Одан бөлек Ұлттық бюро басшысы қабылдауға уақытша мораторий енгізіп, әкімшілік шығындарды қысқартқанын, ал одан үнемделген қаражатты орындаушылық тобының жалақысын 60%-ға қосымша арттыруға бағытталатынын айтты.

«Президенттік ақшалай үстеме қосылып, өткізілген оңтайландыру жұмыстарынан соң Ұлттық бюроның қатардағы жедел қызметкерінің және тергеушінің жалақысы 2,3 есе артып, 300-350 мың теңгеден кем болмайтын болады. Осы жерде ең басты атап өтетін жайт, бір де бір қызметкер жұмысынан босатылған жоқ»,- деді ол.

Қызметкерлердің қысқартылмау себебін ол бірінші кезекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясаттың басты қағидаттарының бірі болып табылады деп түсіндіріп, Ұлттық бюро қызметкерлерінің еліміздегі қорғау органдары арасындағы саны жағынан ең аз екенін тілге тиек етті.

Ал басқарушылықтан орындаушылар қатарына қосылғандардың ұтылмайтынын сонымен қатар, бұл Ұлттық бюродағы оңтайландырудың алғашқы легі екенін айтты.

Сол сияқты Алик Шпекбаев алдағы уақытта цифрландыруға аса мән берілетінін және штаттан тыс қызметкерлердің қысқартылатынын да сөз етті.

Сөз соңында қызметкерлердің материалдық және әлеуметтік жағдайларын жақсарту жемқорлық қылмыстардың алдын алуда тиімді болып табылатынына сенім білдірді.  

Соңғы жаңалықтар