Ұлттық кеңес мүшелері Президенттің төтенше жағдайға қатысты іс-қимылына қолдау білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Айдос Сарым, Ерлан Сайыров, Талғат Қалиев, Бағдат Мусин, Айнұр Сәбитова, Андрей Чеботарев, Берік Әбдіғали, Мұрат Әбенов, Сейдахмет Құттықадам сынды танымал қоғам қайраткерлері және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері қазақстандықтарға арнап үндеу қабылдады. Онда Мемлекет басшысы жария еткен шараларға қолдау білдірілген. Ұлттық кеңес мүшелері азаматтарды халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған тобына, әсіресе көмек қажет ететіндерге қамқорлық танытуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері өз үндеулерінде төтенше жағдай режимі кезеңінде ауызбірлік таныту қажеттігін атап өтеді.

«Дүниежүзі тап болған дағдарысты жағдай жаһандық экономикалық кеңістікте күрделеніп бара жатыр. Ғалам экономикасы терең әрі жүйелі өзгерістерді бастан кешіруде. Әлемдік нарық құлдырап, әлемдік валюталар соққы астында қалды. Бүкіл ел айтарлықтай экономикалық қиындықтар мен проблемаларға тап болуда», - делінген үндеуде.

Үндеуде бүкіл қоғам өзара көмек, ынтымақтастық, ортақтастық сынды құндылықтар төңірегіне топтасып жатқаны атап өтіледі. Індет қаупі алдында адамдар ұйымдасып, қиындықтарды бірге еңсереді, мәжбүрлі болғанымен аса қажетті шектеулерге түсіністікпен қарайды. Ұлттық кеңес мүшелері де қазақстандықтарды дәл осыған шақырады.

«Біз осынау індетпен жалпыхалықтық күрес бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған шараларды жан-жақты қолдаймыз. Осынау күрделі әрі қиын сәтте мемлекет пен қоғам, билік пен азаматтар бәріміздің алдымызда тұрған сын-тегеурінге қарсы бірлік пен ынтымаққа қабілетті екендігін көрсетуі тиіс. Біз халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған тобына, әсіресе көмек қажет ететіндерге қамқорлық танытуға шақырамыз. Қарт адамдарға, ең бірінші кезекте жаңа вирус тәуекеліне ұшырағандарға айрықша назар аударып, қамқорлық танытуымыз керек. Дәрігерлерге, медицина қызметкерлеріне және індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүргендерге көмектесуге тиіспіз», - деп атап өтіледі үндеуде.

Ұлттық кеңес мүшелерінің пайымынша, уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, оларды сақтау маңызды. Сол арқылы өзімізге, отбасымызға және төңірегіміздегілерге қамқорлық танытамыз. Тек солай ғана қазақстандықтар өз елін, халқын және әрбір отбасын індеттен қорғай алады. Ал мемлекет өз тарапынан барлық қажетті шараларды қолға алып, індеттің алдын орап әрекет ететін болады.


Соңғы жаңалықтар