Ұлттық кеңес мүшелерінің кездесуі өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуде 2019 жылғы 20 желтоқсанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Мемлекет басшысы жариялаған реформалардың бірінші пакетінің іске асырылу барысы талқыланды.

Ұлттық кеңестің хатшысы Ерлан Карин ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында белсенді әрі кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.


Осы жылдың басынан бері бірқатар заң жобалары дайындалды.

Атап айтқанда, «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» және парламенттік оппозиция институтын енгізуді көздейтін «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заң жобалары қоғамдық талқылаудан кейін Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді.


Президент Әкімшілігінің қарауына саяси партияларды құру үшін тіркеу кедергісін 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендетуді және сайлауға түскен саяси партиялардың тізімінде әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30% квотаны қарастыруды көздейтін «Саяси партиялар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстандағы сайлау туралы» конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары енгізілді.


Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасына Қылмыстық кодекстің жала жабу туралы 130-бабын декриминализациялауға қатысты түзетулер енгізілді.

Қылмыстық кодекстің әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру туралы 174-бабының орыс тіліндегі нұсқасында «возбуждение» деген сөзді «разжигание» деген сөзге ауыстыруды және 2000-нан 7000-ға дейін АЕК көлемінде айыппұл төлеуді (қазір тек 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған) қарастыратын түзетулерді жүзеге асыратын заң жобасы анықталуда.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша қылмыстық жазасын өтеген және құқық қорғау органдарының оң қорытындысын алған тұлғаларға қаржылық шектеуді жеңілдетуді көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламент Сенатының қарауында.

Сыртқы істер министрлігі тарапынан Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі Халықаралық пактінің Екінші Факультативті хаттамасына қосылуы бойынша процедуралар басталды.

Экономикалық реформаларды да іске асыру жоспарлы түрде жүргізілуде.

2020 жылғы 17 қаңтарда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидаларын бекіту және ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» бұйрыққа қол қойды. Оның аясында ШҚО, Ақмола, Маңғыстау, Қостанай облыстарында жердің ғарыштық мониторингі бойынша пилоттық жобаны жүргізу көзделген. Квазимемлекеттік сектор жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында Үкімет 10 ұлттық холдинг пен ұлттық компанияларды анықтап, олардың директорлар кеңесінің құрамына азаматтық қоғам өкілдерін енгізетін болады. Сонымен қатар, Есеп комитетінің тексерілетін мемлекеттік органдар мен ұйымдар бойынша аудиторлық қорытындылардың азаматтық нұсқасын жариялау үшін «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің интернет-ресурсы туралы» бұйрыққа өзгеріс енгізілді.


2020 жылдың қаңтарынан бастап Ұлттық банк Ұлттық қордан валюта нарығындағы трансферттерді және Ұлттық қордан трансферттерді конвертациялау бойынша ақпаратты ай сайын жариялауда. Одан басқа, Ұлттық банк тарапынан Ақша-несие саясаты стратегиясының жобасы дайындалды, Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі бірлесе отырып Сыртқы борыштың тізілімін жариялаудың форматын анықтады.

«Атамекен» ҰКП отандық адал ниетті бизнес-әріптестердің реестрын әзірлеу үстінде.

Әлеуметтік сала мен жұмыспен қамтуға келсек, ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №984 қаулысына сәйкес шет елден келетін жұмыс күшіне берілетін квота 40% қысқарды.

2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төленіп және кепілдендірілген әлеуметтік пакет (КӘП) беріле бастады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға көмек көрсету шаралары пысықталуда. Мүгедектерді кешенді оңалту қызметтерін көрсетуді нығайту және кеңейту мақсатында ағымдағы жылдан бастап Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында және Ақмола облысында 3 оңалту орталығын салу жоспарланып отыр. 2021 жылы тағы 5 өңірде осындай орталық құрылысын салу жоспарланған.


Мемлекет басшысының Ұлттық кеңестің екінші отырысында берген тапсырмаларын іске асыру Президент Әкімшілігінің бақылауында.

Жалпы, кездесуге қатысушылар қысқа мерзімге қарамастан, Мемлекет басшысының бірқатар бастамаларының жүзеге асырылғанын және басқа тапсырмалар бойынша оң шешім қабылданып, олардың орындалу барысында екенін атап өтті.

Сонымен қатар, кездесу барысында Ұлттық кеңес мүшелері үшінші отырыстың еліміздегі білім жүйесін жаңғыртуға арналған тақырыптық күн тәртібін талқылады.


Соңғы жаңалықтар