Ұлттық кеңес мүшесі: Әкім сайлауы – мажоритарлық саяси жүйе құрудың алғашқы қадамы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл әкімдерінің сайлауы ешбір сценариге бағынбайтын, еркін форматта өтті. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Александр Данилов 730 елді мекеннің әкімін анықтаған саяси науқанға осындай баға беріп отыр. деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлау іс жүзінде сәтті өтті. Өйткені басты нәтиже - дауыс берушілердің белсенділігі жоғары болды. Қорытындыны қарасақ, барлық жерде жеңісі болжанған үміткерлердің жолы бола бермеген. «Бәріне қарсымын» деген бағанды белгілеу арқылы, үміткерлердің ешбіріне көңілі толмайтынын көрсеткендер болды. Енді бір жерде өзін-өзі ұсынғандардың жолы болып жатты. Яғни халық сондағы елдің уайымы мен мүддесін жақсы білетін адамдарға басымдық берді. Осылайша тұрғындарға өз қалауын орындап, пайымын білдіруге толық жағдай жасалды. Бұл сайлау – кандидаттардың бәрі өздерін ұсыну арқылы сайланатын мажоритарлық саяси жүйені құрудың алғашқы қадамы», - дейді сарапшы.

Александр Данилов кешегі сайлаудан бірнеше қорытынды шығарған.

«Біріншіден, партияларға бұдан былай белсенді болу керек. Олар енді сайлаулар арасында бұрынғыдай қалың ұйқыға кете алмайды. Жыл сайын, тоқсан сайын күресіп, кандидаттарды бақылап, аймақтарда ықпалын арттыру керек. Бұл сатыдағы сайлау тұрақты түрде өткізіледі және әр жыл сайын деңгейі өсе береді. 2024 жылы біз аудан әкімдерін сайлауға көшеміз. Бүгін сайланғандар ауыл әкімдерінің ішінен сол кезде аудан әкімдігіне үміткерлер шығуы мүмкін. Осылайша таза еңбектің арқасында әлеуетін көрсетіп, саяси мансабын құра алады. Қалай десек те, ел сайлаған әкім жоғарыдан тағайындалған әкімнен өзгеше болады. Оған үнемі ел алдында әр қадамы үшін есеп беріп, бюджетті қалай дұрыс жұмсайтынын түсіндіріп отыру керек. Осылайша біз саяси жүйені сапалы етеміз. Дауыс беру кезінде заң бұзу аз болғанына қуандым», - дейді Ұлттық кеңес мүшесі.

Оның пайымынша, сайланған әкімдер істен гөрі сөзге әуес болса, өз орындарын ұзақ сақтап тұра алмайды.

«Ауылдағы халықтың қалалықтарға қарағанда сайлауға белсенді қатысатынын түсіну керек. Адамдар бұл жолы сонау орталықтағы билік өкілдерін емес, өздерінің көз алдындағы билікті таңдады. Онымен күнде сөйлесіп, сұрақ қоя алады. Бір сөзбен айтқанда адамдар нақты проблемалардың шешілу жолына дауыс берді, өз ауылының, ауылдық округінің болашағын таңдады. Сондықтан сайлаушылардың белсенді болатын жөні бар. Бұл нәтиже табиғи деп айтуға негіз бар», - деді Александр Данилов.


Соңғы жаңалықтар