Ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталған қаржы көлемін арттыру керек - сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жастарды баспанамен қамтуға арналған бағдарламаларды еліміздің барлық өңірінде жүзеге асыру керек. Бұл туралы Сенаттағы жастарды қолдау тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда депутат Нұртөре Жүсіп айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елде «7-20-25», «5-10-15» және басқа бірқатар тұрғын үй бағдарламасы бар. Бірақ жастардың баспанағы қолы жете бермейді. Біріншіден, жастардың алғашқы жарна төлеу қабілеті төмен. Екіншіден, пайыздық мөлшерлеме өте жоғары. Осыны төмендетуге неге болмайды? Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында қолға алынған жастардың үй алу бағдарламасын өзге өңірлерге де қолданған дұрыс деп есептеймін», - Н. Жүсіп.

Сондай-ақ сенатор өз сөзінде жастарды мәдени-адамгершілікке тәрбиелеу мәселесіне ерекше тоқталды. Ол парламенттік тыңдаулар барысында айтылған ұсыныстар мен ұсынымдар Үкімет тарапынан қабылданатынына сенім білдірді.

«Мәдениет, өнер, ақпарат салалары осы уақытқа дейін қалдық қағидатымен қаржыландырылып келді. Біз адамның жанын байытатын осы салаларға қаржы бөлуге келген кезде тізгінді тартып қаламыз да, оның ақыры неге әкеп соққан енді көріп отырмыз. Елді бүтіндеуге ақша салмай, бүлінгенді жөндеуге қаражат жұмсап отырмыз ғой. Ішкі жалпы өнімнің 3 пайызын ұлттық құндылықтарды дамытуға салсақ, қасіретке ұрынбай, қасиетіміз артар еді деген пікірдемін», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы М. Әшімбаев барлық реформаның түпкі мақсаты да жастардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың дамуына жағдай жасауға арналғанын атап өтті.

Сонымен қатар ол университет бітірген түлектерге еңбек нарығында сұраныс жоқ екенін айтты.



Соңғы жаңалықтар