Ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарға сұраныс артты - шебер

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Ержан Әубәкіров өңірдегі санаулы зергерлердің бір. Көне кәсіпті меңгерген жігіт туған ауылына келіп, өз ісін ашып, шәкірт тәрбиелеуді қолға алды. Биыл «100 жаңа есім» жобасына қатысып жатыр. Шебер ҚазАқпарат тілшісімен сұқбат беріп, төзімділік пен ыждаһаттылықты қажет ететін кәсіп – зергерлік өнердің қыр-сырымен бөлісті.

- Ержан Амангелдіұлы, алдымен өзіңізді таныстырып кетсеңіз.

- Мен 1989 жылы СҚО, Есіл ауданының Александровка елдімекенінде көп балалы отбасында туғанмын. Әкем мен кішкентай болғанда қайтыс болды. Бізді анам жалғыз өзі өсіріп, тәрбиеледі. Ол сауыншы болды. Кішкентайымнан қиындықты көп көріп өстім. Орта мектепті бітірісімен алысқа бармай, аудандағы колледждердің бірінде құрылысшы-прораб мамандығын алып шықтым.

- Құрылысшы мамандығынан зергерлік өнерге қалай келдіңіз?

-Менің ағам – геолог, оқуын бітірмесе де, кен орындарын аралап қазба жұмыстарын жүргізеді. 2012 жылы ағаммен бірге көгілдір ақық тасы үшін Павлодар облысына геологиялық қазба жұмыстарына бардық. Сол жерде бізге таныстарымыз Ресейдің Нижний Тагил қаласындағы С.Г.Строганов атындағы Мәскеу мемлекеттік көркем-өнеркәсіп академиясының филиалы, Урал қолданбалы өнер және дизайн колледжінде «зергер-оюшы» мамандығы бойынша білім алуды ұсынды. Сол жерде жарты жылдық курсқа қатысып, білім алып шықтым. Бастапқыда күміс пен бағалы тастардан зергерлік бұйымдар жасау хобби сияқты болды. Уақыт өте келе, шеберлігімді шыңдай отырып, 2019 жылы туған ауылымда өз кәсібімді ашып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім.


-Қажетті шикізат – бағалы тастарды сатып алмай, өзіңіз қазып алатын болдыңыз ғой?

- Менің таныстарым өте көп, көпшіл адаммын. Солардың бірі - геологтар бар, олармен Қазақстанның, Уралдың кен орындарында болдым. Ағам қазір мен Ресейде білім алған колледжде жұмыс істейді. Қажетті шикізатты арзан бағаға алуға көмектеседі. Екатеринбург қаласында өткен минерал-шоу көрмесіне, өзімізде өткен көрмелерге барып, қажетті материалдарды сатып алуға тырысамын. Бағалы тастарды шикізат күйінде аламын, осылайша арзанға шығады. Қазір жаңа қондырғыны құрып жатырмын. Яғни тастарды өзім кесіп, өңдейтін боламын. Малахит, ақық, көгілдір ақықты өзім өңдемекпін. Процесс маған жақсы таныс. Яғни, мен зергер ғана емеспін, тас өңдеушімін де. Ұнаған тастарға интернет арқылы тапсырыс та беремін.

- Зергерлік – өте ертеде пайда болып, осы күнге дейін жеткен ең көне санаулы кәсіптің бірі десе болады. Бұған археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылатын түрлі әшекейлер дәлел. Алайда екінің бірі зергер бола алмайды ғой?

- Зергердің ең алдымен ар-ұяты болуы керек. Адал болуы қажет. Бұл шығармашылықты, асқан төзімділікті керек ететін жұмыс. Икем, шеберліктен бөлек білім де қажет. Геммологиядан, тарихтан, физикадан, т.б. ғылымдардан хабарың болуы керек.Тұтынушымен тіл табысып, оның ойындағыдай бұйымды жасап беру де – зергерге қойылатын талаптардың бірі.


- СҚО-да зергерлік өнер қаншалықты дамыған?

- Облыс бойынша айта алмаймын, ал Петропавлда 20-ға жуық адам осы кәсіппен айналысады. Бұл зергерлер негізінен аумағы 6-7 шаршы метр болатын бөлмеде отырып жұмыс істейді. Мен мұндай тар жерде еңбек ете алмас едім. Тапсырысты алмас бұрын келген адамның қолына каталогты ұстатады. Ал әшекейді жасау барысында металлды ерітіп, қалыпқа құяды, бұл – механикалық жұмыс.

Нағыз зергерлік – ол қолмен жасалатын жұмыс. Зергердің дизайннан хабары болуы қажет, суретін сала білуі керек. Мәселен мен болашақ әшекейдің суретін салып, сосын іске кірісемін. 20-30 шақты ұсақ бөлшектен бір бұйым жасап шығарамын.

Өкінішке орай, қазір авторлық зергерлік бұйымдар жасайтын шеберлер аз. Өйткені бұл сала елімізде кенже қалған. Өз ісінің нағыз шеберлері – саусақпен санарлық. Петропавлда кездестірген жоқпын. Нұр-Сұлтан қаласында екі-үшеуімен таныспын. Кейбірінің цехында жұмыс істедім. Аз болу себебі – авторлық жұмыс өте қымбат тұрады.

- Қандай материалдармен жұмыс істейсіз, неліктен?

- Мен негізінен күміспен және табиғи тастармен жұмыс істеймін. Табиғи тастарды кен орындарынан әкелдім, қазір жеткілікті шикізатым бар. Нарықта табиғи тас деп сататыны көбіне – синтетика. Ия, табиғи материал қымбаттырақ. Онымен жұмыс істегенде шабыт береді. Мен өзім жасанды материалдарды қолданбаймын. Уақытты зая кетіру деп білемін.

Алтынмен жұмыс істеймін, бірақ көбіне тапсырыс берушінің материалымен. Ал күміс – қолжетімді металл. Ол жұмсақ, қолға жағымды, жылы металл.

Диоптаз минералы маған ұнайды. Бізде Қарағандыда бар. Эфиопиялық опал тасы, бериллдер, ал негізі – маған барлық табиғи асыл тастар ұнайды. Олармен жұмыс істегенде көңіл күйім көтеріліп, ләззат аламын.

- Қазір қыз-келіншектер арасында қандай зергерлік бұйымдарға сұраныс жоғары?

- Арт-деко стилі, яғни геометриялық элементтер басым әшекейлер соңғы кезде сәнде. Сондай-ақ тапсырыс берушілер соңғы уақытта сырға-сақиналарды негізінен ұлттық нақышта жасауымды сұрайды.


- Ауылда зергер болғысы келетін, сізден үйренгісі келетін жастар бар ма? Ізбасар тәрбиелеп жатырсыз ба?

- Тұрмысы төмен, жағдайлары қиын отбасылардан шыққан екі-үш баланы қасыма алып, үйретіп жатырмын. Ынталары бар. Оқушыларымың біреуі – балалар үйінің тәрбиеленушісі. Оны және апасын біздің ауылдағы бір отбасы асырап алды. Сол балаға көмектесеміз деп шештік. Қазір нәтижесін беріп жатыр. Жақында республикалық байқауда жасаған бұйымы үшінші орын алды.

Ауылдағы мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатқым келеді. Маған бөлме берсе, үйірме ашуға болады. Мен балалармен жұмыс істеуге қарсы емеспін. Олар әшекейлерден бөлек, түрлі қобдиша, қасық-шанышқы, кәдесыйлар жасап үйренер еді. Көрмелерге қатысып, өңірдің атын шығаруға болады. Минералдардың музейін ұйымдастырғым келеді. Қазір коллекциямда тау жыныстарының 20-дан астам түрі кездеседі. Соның ішінде африкалық малахит те, турмалин де, зүбаржат та бар. Жинақты әрі қарай толықтыруға мүмкіндік бар. Бірақ әзірге менің ұсыныстарыма қызығушылық жоқ.

- Әңгімеңізге рахмет!



Соңғы жаңалықтар