Ұлттық ұлан сарбаздары Ақтауда ер адамды тапаншамен ұстады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ұлттық ұлан сарбаздары Ақтауда ер адамды тапаншамен ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы, подполковник Ерболат Сұлтановтың мәлім еткеніндей, оқиға Приморск ауданындағы «Пеле Гримм» кафесі жанында болды.

Қоғамдық тәртіп күзетінде полиция қызметкерімен бірге жүрген қатардағы сарбаздар , топ басшысы Орынбек Рахымжан мен Батыржан Бағытұлы кафе маңында оқ атылғанын естіп, жедел басқару орталығына мәлімдейді.

Содан кейін оқиға орнына жеткен жауынгерлер күдікті үш адамды байқайды. Батыл қимылдап, солардың бірін қолға түсіреді. Куәгерлердің қатысуымен қараған кезде оқ-дәрілерімен қоса «Байкал» пневматикалық тапаншасы табылды.

Оқиға орнына Ақтау қаласы полиция басқармасының жедел тергеу тобы шақырылды. Тергеушілер 31 жастағы қала тұрғынынан тапаншаны тәркіледі.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 287-бабына (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.

Қырағылығы мен батыл іс-әрекеті үшін аталған сарбаздарды әскери бөлім командирі ынталандырды.


Соңғы жаңалықтар