Ұлттық ұлан сарбаздары өртенген пәтерден екі адамды құтқарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Теміртау қаласында Ұлттық ұлан сарбаздары ыс тиіп, денесін күйік шалған екі адамды ажалдан аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау міндетін атқару кезінде өрт шыққан пәтерді көріп қалып, бірден сол жаққа жүгірген.

«Болған оқиғаны лейтенант Бақытжан Байкеновке хабарлаған Ұлттық ұлан сарбаздары жол ортада өрт сөндірушілерді де шақырып үлгерді. Екінші қабаттағы үйдің есігінен түтін шығып жатқан болатын. Подъездің домофоны арқылы хабарласқан кезде үйді ешкім ашпаған. Осыдан кейін сарбаздар үйдің терезесін бұзып кірді. Пәтер ішінде ыс тиіп, күйік шалған екі адамның талып жатқаны анықталды. Сарбаздар оларды бірден сыртқа алып шығып, алғашқы медициналық көмекті көрсетті», - деп хабарлайды Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен.

Осыдан кейін сарбаздар үйдің басқа да тұрғындарын сыртқы шығарып, қауіптің бетін қайтарған. Әскери жасақтың бастығы Мейіржан Болатұлы басқа да тұрғындармен бірге өртті сөндіре бастаған. Одан бөлек сарбаздар өрт шыққан үйден газ баллонын алып шыққан. Артынша жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтады. Батылдық танытып, адамдарды құтқарып қалғаны үшін әскери қызметкерлер марапатқа ұсынылып отыр.


Соңғы жаңалықтар