Ұлттық ядролық орталықтың өкілі АЭС туралы пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрлігі Ұлттық ядролық орталығы бас инженерінің орынбасары Денис Зарва «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне заманауи атом электр станцияларында қауіпсіздік мәселесі қалай жолға қойылғанын айтып берді.

- Денис Борисович, Мемлекет басшысының атом электр станцияларын салу мүмкіндігін зерделеу туралы тапсырмасы АЭС-тің қауіпсіздігіне күмәнмен қарайтындар арасында резонанс туғызды. Бұл туралы не айта аласыз? Ондай қорқыныш қаншалықты негізді?

- Иә, расында да, көбі Қазақстан Республикасында атом энергетикасы саласын дамыту келешегіне қауіппен қарайды. Бұл көп жағдайда Семей ядролық сынақ полигонында жүргізілген сынақтарға, атом энергетикасы тарихында орын алған кейбір апаттар мен келеңссіздіктерге, сондай-ақ атом энергетикасы туралы қауесеттер мен жорамалдарға байланысты. Сала мамандары атом энергетикасының бұған дейінгі сабақтарын ұмытпайды. Ірі апаттар мен оқиғалардың бәрі алдыңғы буын реакторларында болды. Қазір әлемде жобаланған, салынып жатқан және жұмыс істеп тұрған заманауи станциялар «3+»буынына жатады. Олардың құрамында белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелері бар. Олар кез келген жағдайда реакторды адамның қатысуынсыз да қауіпсіз күйге келтіруге қабілетті. Оларды салған кезде алдыңғы буын станцияларында болған ақаулар мен апаттар ескерілді. Бұл реакторларда көптеген қорғаныс қабаттары бар. Осылайша, авария кезінде радиоактивті заттардың АЭС алаңынан сыртқа шығуы мүмкін емес. Осыған байланысты, қазіргі АЭС-тердің қауіпсіздігіне байланысты қауіптердің объективті негізі жоқ деп есептеймін.

–Қазақстанда АЭС салынуы мүмкін орын ретінде әр кезде әр түрлі мекен аталғаны белгілі. Бұл жолы қандай аймақтар қарастырылып отыр және таңдау неге сол жерге түсті?

– Қазақстан Республикасында атом энергетика станциясын салу мәселесі өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап қарастырылып келеді. Көптеген техникалық-экономикалық зерттеу жүргізілді. Құрылыстың алаңы ретінде бірнеше жер қарастырылды. Соңғы зерттеулер АЭС саулға қолайлы екі аумақты алға шығарып отыр. Олар – Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласы мен Алматы облысының Жамбыл ауданынадағы Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауында тұрған Үлкен кенті.

Бұл орындардың әлеуетін пысықтау кезінде сейсмикалық тұрақтылық, маңайында қауіпті өнеркәсіп объектілері мен әуе трассасының бар-жоғы, генераторды суыта алатындай су қоймасының болуы; болжалды қуат тапшылығы, инфрақұрылым желілерін бөлу және резервтеу мүмкіндігі, ірі габаритті жүктерді жеткізу мүмкіндігі, ауданда жұмыс істеп тұрған инфрақұрылымның, оның ішінде АЭС құрылысын сүйемелдеу үшін қажетті ғылыми-техникалық инфрақұрылымның және тағы басқалардың болуы ескерілді.

- АЭС-тің қауіпсіздігі туралы сөз болғанда Чернобыль апаты еске түседі. Қазіргі атом электр станциялары ХХ ғасырдың 70-ші жылдарында салынғандардан несімен ерекшеленеді?

- Жоғарыда айтқанымдай, сол жылдары жобаланған және салынған станциялар қауіпсіздік тұрғысынан қазіргі станциялардан айтарлықтай ерекшеленеді. Чернобыльда Жоғары қуатты реактор типіндегі реактор жұмыс істеді. Негізі бұл типтегі жобадан мамандар баяғыда-ақ бас тартқан. Қазіргі станцияларда, соның ішінде табиғи физикалық заңдардың әсерінен жұмыс істейтін және электрмен жабдықтауды қажет етпейтін пассивті қауіпсіздік жүйелері бар. Есіңізде болса, Жапониядағы апат осы реакторды салқындатуға қажет электрдің болмауынан туындаған еді. Осындай себептердің бәрі қазіргі реакторларда ескерілген. Тіпті апат болған жағдайда да радиоактивті заттардың шығуынан қорғау да ойластырылған.

- АЭС салынған күннің өзінде пайдаланылған отынның радиациялық қалдығы қалай залалсыздандырылады?

- Пайдаланылған ядролық отын, шын мәнінде, үлкен проблема емес. Оны өңдеудің көптеген жолдары бар. Қауіпсіз сақтауға немесе көмуге, өңдеуге болады. Қазақстанның Ақтау қаласындағы БН-350 реакторының қолданылған ядролық отынымен жұмыс істеу тәжірибесі бар. Ол үшін қажетті инфрақұрылым мен білікті мамандар бар. Жалпы, әлемдегі ғылыми қауымдастық қолданылған ядролық отынның өзін болашақта атом энергетикасына қажет құнды энергетикалық ресурс ретінде қарастырып жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет.


Соңғы жаңалықтар