Ұлттық жоба – қоғамды мазалаған мәселеге мемлекеттің тікелей жауабы – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық жобалар халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталған. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Ермек Тоқтаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік бағдарлама форматынан ұлттық жобаға ауысу өзекті мәселелерді шешу тәсіліндегі оң өзгеріс. Біздегі мемлекеттік бағдарламалар ұзақмерзімді және олар әкімшілік сипатта. Яғни 10 жылдық бағдарлама мәреге жетсе, жаңадан тағы 10-20 жылға арналған бағдарлама пайда болады. Осы орайда Ұлттық жобаның ерекшелігі мен артықшылығы ол – қысқамерзімді. Яғни қысқамерзімді ұлттық жобаның нәтижесіне баға бермей тұрып, оны ұзарту немесе қайта жандандырудың қажеті болмайды», - деді Ермек Тоқтаров.

Сондай-ақ, сарапшы Ұлттық жобаларда жұртшылықты жиі толғандыратын барлық сала қамтылғанын айтты.

«Елімізде қолға алынып жатқан барлық 10 Ұлттық жоба халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталған және онда адам үшін маңызды барлық сала қамтылған. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, экология, қауіпсіздік, сапалы өмір, мемлекеттік қызмет және тағы басқа. Ұлттық жоба – қоғамды мазалаған мәселе мен сауалға мемлекеттің тікелей жауабы. Ұлттық жобаларды қабылдау – мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі жаңашылдық. Оны жүзеге асыру үшін ұлттық жобалық және цифрлық кеңселер құрылды», - деді ол агенттік тілшісіне.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшу туралы тапсырма берген еді.

13 қазан күні ҚР Президенті Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.
Премьер-Министр Асқар Мамин Ұлттық жобалардың не үшін әзірленгенін айтып берді.


Соңғы жаңалықтар