Ұлыбританияда Домбыра күні ұлықталды

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Домбыра күні қарсаңында қазақстандық студент әлемге әйгілі Трафальгар алаңында Құрманғазы күйлерінен шашу шашты. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Университеттік Лондон колледжінің студенті Айдар Айшабеков флешмобта «Адай» және «Балбырауын» күйлерін орындап, британдықтарды және қала қонақтарын тәнті етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айдардың айтуынша, домбыра - тек қос ішекті, көп пернелі ұлттық аспап қана емес, қазақ халқының мәдени мұрасы. Оны насихаттау үшін домбырасын Лондонға арнайылап ала барған. Студенттің негізгі мамандығы заңгер болғанымен жыр, толғау, терме және күйлерді жақсы орындайды. Оның бұл өнеріне бірге оқитын шетелдік қатарластары да дән риза. Қолы қалт еткен кезде Айдарға қолқа салады екен.

Пандемияға байланысты Лондон көшелерінде кісі қарасы азайғанымен құлақтан кіріп, бойды алар тәтті күйдің тыңдармандары табылды. Біріккен Корольдік танымал көрнекі орындарының бірі - Трафальгар алаңында ұйымдастырылған флешмоб көрермендері арасында музыкалық аспап пен ұлттық киімдерімізді танығандар да болды.

Айдардың алғашқы шағын концертін тамашалағандардың бірі - кениялық турист Йоби. Ол Қазақстанда бірнеше рет болып, тылсым табиғатына тәнті болған. Сонымен қатар Ұлы даланың бай мәдениеті мен өнерінен де хабардар.

«Бүгінгідей тамаша шуақты күнде Трафальгар алаңында ұлттық костюм киіп, мына тамаша аспапта ойнаған қазақстандықтарды көріп, риза болдым», - дейді Йоби.

Айдарды Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің қызметкерлері де қолдады. Олар ұлттық киім киіп, қазақ мәдениетін насихаттауға өз үлесін қосты.

Айта кету керек, осы тектес флешмоб бүкіл әлем бойынша ұйымдастырылды. Оған ұйытқы болған қазақстандықтардың шетелдегі альянсы арнайы бейнебаян дайындап, әлеуметтік желілер арқылы таратпақшы.


Соңғы жаңалықтар