Үндістанда коронавирус жұқтырушылардың тәуліктік өсімі рекордтық көрсеткішке жетті

None
None
НЬЮ-ДЕЛИ. ҚазАқпарат – Үндістанда коронавирус жұқтырушылардың тәуліктік өсімі рекордтық көрсеткішке жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Өткен тәулікте елде коронавирустың жаңа түрін жұқтырудың 200 739 жағдайы тіркелді. Бұл – пандемия басталғалы Үндістанда бір күн ішінде тіркелген инфекция жұқтырушылардың ең жоғары көрсеткіші.

Елде ауруға шалдығушылар санының өсімі осымен 36-күн байқалуда. Үндістанда вирус жұқтырушылардың жалпы саны 14 милионнан асты.

Ел астанасы Нью-Делиде оннан астам қонақ үй мен банкет залдарын ауруханалар жанындағы COVID-19 орталықтарына айналдыру жоспарлануда. Сондай-ақ Мумбайда вирустың таралуын тежеу бойынша жаңа шаралар қабылданды. Қаланың көптеген кәсіпорындары мен қоғамдық орындары жабылды, адамдардың жүріп-тұруына 15 күнге шектеу қойылды.

Сонымен қатар елдің Денсаулық сақтау министрлігі соңғы тәулікте коронавирустан болған 1038 өлім жағдайы туралы хабарлады. COVID-19 вирусынан көз жұмғандардың жалпы саны – 173 123 адам.

Үндістан ауру жұқтырушылардың жалпы саны бойынша әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Ал коронавирустан болған өлім жағдайларының саны бойынша АҚШ, Бразилия мен Мексикадан кейінгі төртінші орында.


Соңғы жаңалықтар