Үндістанда коронавирустан бір тәулікте 4 мыңға жуық адам қайтыс болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Оман Сұлтанатында билік медицина қызметкерлеріне пандемия кезінде жұмыстан шығуға тыйым салды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналына сілтеме жасап.

Бұл талаптың енгізілуі COVID-19 вирусының жаңа жағдайларының көп тіркелуімен және жергілікті ауруханалардың медициналық қызметкерлеріне артылған жүктеменің ұлғаюымен байланысты. Үкімет тыйым салудың дәл қазіргі уақытта ең қажетті шара екенін айтады.

Франция келушілер міндетті түрде карантиннен өткізілетін елдердің тізімін кеңейтеді. Мұндай шаралар коронавирустың жаңа штамдарының таралуын болдырмау мақсатында қабылдануда. Бұған дейін билік Бразилия, Үндістан, Чили, Оңтүстік Африка Республикасы, Аргентина және Гвианадан келгендер үшін міндетті 10 күндік карантин белгілеу туралы жарлық шығарған болатын.

Камбоджа Үкіметі бұқаралық ақпарат құралдарына «қызыл» аймақтардағы оқиғаларды жариялауға және жедел жәрдем көліктерін түсіруге тыйым салды, себебі ел инфекцияның рекордтық өсуімен күресуде. Билік ауруханаларда төсек орындардың жетіспеушілігіне байланысты мектептер мен банкет залдарын медициналық орталықтарға қайта бейімдеп жатыр.

6 мамырдан бастап Бавария билігі COVID-19-ға қарсы вакциналанған адамдар үшін әлеуметтік шектеулерді алып тастайды. Бұл туралы аймақ басшысы баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Ол екпе салдырған және ауырып жазылған адамдар туыс-таныстарымен кедергісіз кездесулерге бара алатындығын және оларға коменданттық сағат талаптары қолданылмайтынын, мекемелер мен дүкендерге барған кезде ПТР тестінің нәтижелері талап етілмейтіндігін атап өтті. Баварияның қалған тұрғындары үшін коменданттық сағат әлі де 22:00-ден 05:00-ге дейін әрекет етеді.

Бүгін Үндістанда коронавирустан көз жұму жағдайлары мен инфекцияны жұқтыру көрсеткіші бойынша жаңа рекорд жаңартылды. Өткен тәулікте: 412 618 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған болса, 3 982 адам аурудан қайтыс болды.


Соңғы жаңалықтар