Үркер-2020: Отандық журналистика деңгейі әлемдік бәсекеге қабілетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы «Қазмедиа» орталығында баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер-2020» ұлттық сыйлығының марапаттау рәсімі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты жиынды ашқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бұл марапаттың Astana Media Week жобасы аясында жасалғанын атап өтті.

«Үш күнге созылған Astana Media Week жобасы халықаралық журналистиканың назарын елордамызға аударған ерекше іс-шара болды. Бүгінде бүкіл әлемді әбігерге салған пандемия жағдайында әлем журналистері бір арнада тоғысып, өз кәсіптеріне деген адалдықты кезекті рет дәлелдеп отыр. Онлайн форматтағы платформада әлемнің 16 мемлекетінің көрермендері үшін 50-ден астам халықаралық медиасарапшылар тәжірибелерін бөлісті. Және ең бастысы – біздің отандық журналистика деңгейі де әлемдік бәсекеге қабілеттілігіне көз жеткіздік», - деді министр.

Қазақстандық платформа АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Сауд Арабиясы, РФ сияқты медиаалпауыт мемлекеттердің ақпарат кеңістігіне шығып, пайдалы контентпен бөлісті.

«Осындай ортақ алаңға өзара тәжірибе алмасып, озық үлгілерді үйрену журналистиканың біліктілігін жетілдіріп, оны жаңа деңгейге көтеретіні анық. Соның ішінде отандық медиа саласында одан әрі дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз. «Үркер» ұлттық бәйгесінің марапаттау рәсімі Astana Media Week апталығы аясында өтіп отыр. Әрине, біз үшін қоғамдағы әр саланың өзіндік орны бар. Соның ішінде журналистиканың қоғам үшін атқарып отырған еңбегі өте зор. Әрбір еңбек лайықты бағасын алуы керек деп санаймыз. Біздің бүгінгі шарамыз да осы ниетпен өткізіліп отыр. Сондықтан біздің әділ қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққан шын таланттарға лайықты бағасын бергеніне сенімдіміз», - деді А. Балаева.

Сондай-ақ, министр биылғы байқаудың тағы бір жаңалығы – қазақ журналистикасының жампозы Шерхан Мұртахза атына арнайы номинация тағайындалғанын еске салды.

«Шерхан ағамыздың отандық журналистиканы дамытуға атқарған еңбегі мен қосқан үлесі өлшеусіз. Сондықтан да, қазақ журналистикасының асқар шыңы саналатын Шераға атындағы марапатқа ие болу – кім-кім үшін де зор мәртебе, биік жетістік деп білемін», - деді Аида Балаева.

Аталған номинация бойынша мүсінше мен 1 миллион теңге сыйақыны белгілі журналист, публицист Қайнар Олжай жеңіп алды.


Соңғы жаңалықтар