Үстірт, Мұзтау, патшалар мекені: Қазақстандық саяхатшы ішкі туризмді дамыту жолдарын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Заңгер Асқар Жанапов елу жасқа қараған шағында қолындағы қаламын екі дөңгелекті мотоциклге айырбастап, Қазақстанның түкпір-түкпіріне саяхат жасай бастаған. Екі жыл ішінде Оңтүстік, Батыс, Шығыс Қазақстан өңірлеріне барып, ең көрікті жерлерін аралаған. Ендігі меже – Солтүстік Қазақстан облысы. Ол «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында сапар барысында қандай кереметке куә болып, қандай әсер алғанын айтып, болашақ жоспарымен бөлісті.

Заңгерліктен блогерлікке...

Асқар Жанапов өмірінің басым бөлігінде заңгер болған. 2017 жылы отбасымен Ақтауға қыдырып барған.

«Әйеліммен бірге жағалауда жүгіріп келе жатқан бейнероликті ұялы телефоныммен түсіріп, YouTube желісіне салдым. Бейнеролик көрерменге ұнағанын көріп, осы салаға түбегейлі кету туралы ойладым. Негізі өзім шығармашылық адамымын. Бала кезден сурет салумен айналысамын, гитарада ойнаған кездерім де болды. Блог түсіру үшін елорда маңындағы табиғат аясына отбасыммен немесе жалғыз барып қайтатынмын. Бірде ұлыммен бірге Бурабайға барып, тауда палатка құрып, соның ішінде түнедік. Көңілге қуаныш сыйлаған сол күнді әлі ұмытпаймын. Жаяу серуендеп, тауға қонғанымыз үшін ұлым маған алғысын айтқан еді», - дейді блогер Асқар Жанапов.

Ол алыс сапарға шыққанда отбасы мүшелерін түгел алып кетудің сәті түсе бермейтінін айтты.

«Туризм мәселесіне келгенде жұбайымның еті тірі. Табиғат аясына шығуға әрдайым дайын және жолға шыққанда жанына жайлылық іздеп кетпейді. Велосипедпен серуендеп, палаткада түнеген кездеріміз болды. Ол бала кезінен табиғат аясында демалғанды жақсы көреді. Балаларымызды да туризмге үйретуге тырысамыз», - дейді ол.

Асқар Жанапов 2019 жылы, 49 жасында мотоцикл сатып алған. Достары мен туыстары оның қауіпсіздігі үшін алаңдағанмен, ол өзінің арманын аяқ асты еткісі келмеген.

«Мотоциклмен бір маусым бойы саяхаттадым. Өзіммен бірге палатка алып жүрдім және өте әдемі жерлерде түнедім. 2019 жылы NOMAD 4x4 автосаяхатшылар клубының мүшелерімен таныстым. Олармен бірге Қазақстан аумағын көлікпен аралай бастадым», - дейді блогер.

Мұхиттан басқаның бәрі бар

Блогер саяхаттау барысында еліміздің табиғаты әралуан екеніне көзі жеткен.

«Біздің елде мұхиттан басқасының бәрі бар. Қанша аймақта болсам да – әлі де аралауға болатын жер көп екенін білемін. Батыс Қазақстан Үстіртімен, Ақтолағай қырқасымен көрікті. Ол жақта тарихи орындар көп. Мысалы, ең шеткі батыс нүктесінде Хан Ордасы бар. Жәңгір хан кесенесінің кереметін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бірақ кесенеге алып баратын жол жөнделмеген, жөнделмеген деп айту – артық болар, ол жаққа апаратын жол жоқ десе болады.

Оңтүстік Қазақстанға баруды кіші қажылыққа барумен теңестіруге болады. Түркістан қарқынды дамып келеді. Шағын әрі таза қала Тараз да менің жүрегімнің төрінен орын алды.

Барлық өңір ішінде мені таң қалдырғаны, тамсандырғаны – Шығыс Қазақстан облысы. Экспедицияның барлық мүшесі Шығыс Қазақстанға тағы да барғылары келетінін айтады. Ол жақтағы көлдің жағасында қармақ салып, балық аулап отырған сәтім ешқашан есімнен кетпейді: тыныштық, көгілдір көл, арғы жағада ну орман, сол жағымызда шыңы ақ қарға оранған Мұзтау... Сол жерде отырған кездегі күйім өзіме ұнағаны соншалық, өңім бе, әлде түсім бе екенін айыра алмадым. Бұл – Аляска емес, Канада да емес, бұл – Қазақстан!», - дейді Асқар Жанапов.


Ол әр аймақ ішкі туризмді дамытуға кірісуі керектігін айтты.

«Мысалы, елорда – Бурабай бағыты бойынша велобағыт ұйымдастырып, туристер арқылы жол бойындағы ауылдар табыс табатындай етуге болады. Саяхаттау барысында қаншама ауыл қаңырап, халқы қалаға көшіп жатқанын көрдім. Ауыл шаруашылығы көңіл құлазытатын күйде. Қаланы дамытып, ауылды «өлтіріп« қоюға болмайды. Біз аймақтағы туризмді дамыту арқылы ауыл-аймақ халқын жұмыспен қамтуға болатынын ұмытпауымыз керек. Ауыл тұрғындары шағын дәмхана ашып, туристер қонатын бөлмені дайындап, қолөнерді дамытып, жылқымен серуендету сияқты демалу түрлерін қолға алса керемет болар еді ғой. Туризм тұрғысынан алып қарағанда Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан немесе Грузиядан неміз кем?», - дейді ол.

Сәт-сапар!

Ол NOMAD 4x4 автосаяхатшылар клубының экспедициясына ешкім демеушілік етпейтінін айтты.

«Біздің экспедицияны ешкім қаржыландырмайды, экипаж мүшелері өз қаражаты есебінен саяхаттайды. Мемлекеттік грантқа қатыспаймыз, сондықтан біз үшін саяхаттау оңайға соғады деп айта алмаймын. Қазақстанда туризм саласы бойынша демеуші табу қиын. Күндердің бір күнінде елордадағы автосалондарды аралап, демалыс күндері болатын саяхатымызға қатысуға шақырдық. Сонда «Тойота Сити Астана» ғана ұсынысымызды қабыл алды, сол үшін рахмет. Сол жолы олар саяхатшыларға көлік бөліп, Шортанды, Дамса, Астраханка ауылдарына, Қарқаралы, Щучинск қалаларына барып, қолөнер шеберлерімен кездесіп, мұражай аралап қайттық», - дейді Асқар Жанапов.


Саяхатшылар сапарға шыққан кезде ыңғайы келген жерде түнейді.

«Қазақстанда саяхат жасап жүрген кезде қонақ үй бизнесі ақсап тұрғанын байқадық. Саяхатшыға бес жұлдызды қонақ үй емес, жататын орын мен жуынатын жері бар шағын бөлме керек. Жуынатын орны мен тіскебасар сатып алуға болатын жанар-жағармай құю бекетін Батыс Қазақстан облысынан көрдік. Аталған бекет сол облыстағы ауылдардың бірінде орналасқан еді, тіпті елорда маңында ондай жер жоқ.

Негізі саяхатқа шыққан кезде палаткада, көлікте, бағасы арзан қонақ үйде түнейміз. Кейде автоклубтың қонақжай мүшелері қарсы алады. Влог түсірген кезде міндетті түрде қонақ үй, хостел және көрікті жерлерді көрсетемін», - дейді блогер.


Сонымен қатар, ол сапар барысында қандай қызық оқиғаларды басынан өткергенін айтты.

«Шығыс Қазақстанда Қаракөлдің жағасында орналасқан үйде түнедік. Түнде аулаға аю келіп-кетті.

Бірде Асхат досыммен бірге көлікте түнедік, себебі көлігіміз батпаққа батып қалды. Бізді батпақтан шығарып алмақшы болған көліктің өзі батпаққа батып қалды.

Оңтүстік Қазақстан облысында саяхаттап жүргенде жүрегі сыр берген егде жастағы адамды өлім аузынан құтқарып қалдық. Оқиға киелі жер – бұлақтың қасында болды. Ол жерде байланыс құралдары тартпайтын. Саяхатшылар осы мәселемен жиі бетпе-бет келеді. Байланыс ұстамайтын жерлер көп. Дәл сол жолы бізге спутниктік байланыс көмектесті. Ондай байланыс тәжірибелі саяхатшы, клубтың ұйымдастырушысы Қанат Сағнаевта болған еді. Осыған ұқсас жағдай көп», - дейді ол.

«Селфиден» артық жарнама жоқ

Блогер «Біздің елде ішкі туризм неге дамымаған?» деген сұраққа қатысты ойын айтты.

«Қарапайым ғана мысал келтірейін: Шығыс Қазақстан облысында «Берел» қорық-мұражайы бар. Аты аңызға айналған жер «патшалар мекені» деп те аталады. Ол жерді видеоға, фотосуретке түсіруге тыйым салынған. Бұл туралы мұражайдың кіре берісінде жазылып тұр.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде де дәл осындай жағдай. Бұл – тарихи ескерткіш, туристерге арналған нысан емес пе? Осындай жерлерді жарнамалау үшін қыруар қаржы бөліп, бейнероликтер түсіріледі. Негізінде сол жерге барған туристердің «селфиінен» артық жарнама жоқ. Бұл – теп-тегін, әрі тиімді жарнама болар еді», - дейді Асқар Жанапов.


Сондай-ақ, ол ауыл-аймақ тұрғындарында табиғатты қорғау мәдениеті қалыптаспағандығы туралы айтты.

«Жергілікті халық ішкі туризмді дамытса, туристер есебінен пайда табуды үйренсе – табиғатқа жанашырлықпен қарар ма еді. Саяхатшылармен бірге жаңашылдық келеді. Мысалы, Жібек жолын алып қарайық. Сауда-саттық жүріп, керуен өтетін жерде даму, өрлеу, өркендеу болған. Қазіргі уақытта менің достарым агротуризмді дамытуға күш салып жүр, бүгінгі таңда саяхаттаудың бұл турі танымал. Төрт түлік пен тауықты ұялы телефон экранынан ғана көріп өсіп келе жатқан қаншама жастар бар», - дейді ол.


Блогер Қазақстандағы екінің бірі біле бермейтін тұзды көл туралы айтты.

«Солончак Уюни – әлемдегі ең үлкен тұзды көл болып саналады. Ол Боливияда орналасқан. Тұзды көлді көру үшін жыл сайын шамамен 60 мың турист барады екен. Ол жер – саяхатшылардың Меккесі десе де болады. Аталған көлдің туристер арасында танымал болғанына көп бола қойған жоқ, бірақ сол маңдағы ауылдар туристердің есебінен көркейіп, дами түскен. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Өткен жылы Батыс Қазақстан облысына экспедициямен бардық. Ол жақта Индер тұзды көлінде болдық. Ол Боливиядағы Солончак Уюни көліне қарағанда бірнеше есе үлкен және минералдарға да бай. Осындай мысалдарды көптеп айта аламын. Өкінішке қарай, біздің еліміздегі ғажайып көл туралы екінің бірі біле бермейді«, - дейді Асқар Жанапов.

Табиғат аясында демалу мәдениеті

Блогер Көбейтұз қызғылт көлі туралы блог түсіргенде көбі «Ондай керемет жерлерді неге көрсетесіз? Біздің халық туризмге дайын емес, олардың табиғатта демалу мәдениеті дұрыс қалыптаспаған» деген пікір жазған.

«Мен бұл пікірмен келіспеймін. Не үшін әдепсіз адамдардың олқы қылықтары үшін дұрыс жолмен жүретін адамдар зардап шегуі керек? Мен демалу мәдениетін, туризмді қалыптастыруды өзімді үлгі ете отырып насихаттаймын.

Бірде қалыңдығымен сөйлесіп тұрған жігіт қолындағы бөтелкесін қоқыс тастайтын орынға лақтырды, бірақ бөтелке жерге құлап қалды. Олар сөйлескен күйі тұра берді. Оған ақыл айтып, тіпті ерегесіп қалуыма да болар еді, бірақ олай етпедім. Бөтелкені жерден алдым да, қоқыс тастайтын орынға салдым. Осы әрекетімді көрген жігіт менен кешірім сұрады.

Блог түсірген кезде қоқысымызды өзімізбен бірге жинап алып кететінімізді де көрсетемін. Тазалықты әркім өзінен бастауы керек», - дейді Асқар Жанапов.


Саяхаттану жан рахатын сыйлайды

Ол не себепті басқа емес, саяхатшы болуды таңдағанын түсіндіріп берді.

«Біріншіден, маған табиғат аясында болған ұнайды. Қыс мезгілінде орман ішіне кіріп көріңізші: мүлгіген тыныштыққа куә боласыз. Ал жазда орман ішінде құстар сайрайды. Саяхаттау маған күш-қуат беріп, шабыт сыйлайды, өмір сүруге деген құлшынысымды арттырады. Саяхаттау барысында әртүрлі адамдармен танысасың, олармен әңгімелескен ұнайды. Оларға камера арқылы қарағанды, яғни видеоға түсіргенді де жақсы көрем. Бастапқыда қашқақтағанмен, кейін бойы үйренген соң айтар ойымен емін-еркін бөлісе бастайды», - дейді блогер.

Ол үшін 2020 жыл саяхатшы ретінде сәтті жыл болған.

«2020 жыл ішкі туризм үшін де сәтті жыл болды деп айтуға болады. Шекаралардың жабылуы кең-байтақ еліміз қандай көркем, қандай керемет екеніне куә болуға себеп», - дейді ол.


Болашақа бағдар

Блогер былтыр экспедицияны Солтүстік Қазақстан облысына спармен аяқтағысы келгенін айтты.

«Ол жоспарымыз биыл іске асады деп үміттенеміз. Жоғарыда айтып өткенімдей, Шығыс Қазақстанға да тағы бір мәрте барып қайтуымыз керек.

Бір сырымды ашайын: жақында мотоциклімді сатып, «Газельге» ұқсас шағын көлік сатып алдым. Оны сапарға шығуға ыңғайлы етіп жөндеп, автоүй жасап, отбасыммен бірге саяхаттағым келеді. Жұбайым мотоциклімді сатқан кезде қуанды. Енді автоүймен саяхаттау арқылы жаңа әсерге бөленсем жақсы болар еді. Бұл өте керемет идея, жақсы жоба, бірақ оны жүзеге асыруға қаражатым мен күшім жете ме – білмеймін. Дәл осы мәселеде маған қандай көмек болсын артық етпейді. Осы жобаны іске асыру арқылы отбасыңмен бірге Қазақстанды аралау өте керемет екенін көрсеткім келеді. Автоүймен саяхаттау Еуропа елдері мен Ресейде кең етек жайған. Біздің елде бұл сала әлі дами қойған жоқ. Мен осы жобаны жүзеге асыруға болатынын көрсеткім келеді», - дейді блогер.

Ол жас саяхатшыларға кеңес айтты.

«Жас саяхатшыларға елордалық жас блогер Дима Заводный үлгі бола алады. Ол YouTube желісінде «Мечты Странника» парақшасын жүргізеді. Ол Бурабай тауларын жаяу жүріп өткен, елордадан Қарқаралыға велосипедпен, ал елордадан Көбейтұз көліне жаяу барған. Бастапқыда ол да көптеген қателік жіберді, бірақ алған бетінен қайтпады. Ал өз атымнан кеңес айтар болсам: бәрін аз-аздан бастау керек. Жайлылық аумағынан шығып, табиғатпен етене жақын бола білуге не жетсін?! Көлікпен саяхаттайсың ба, жаяу саяхаттайсың ба – маңызды емес, маңыздысы – саяхаттау туралы шешім қабылдап, тәуекел ету. Бағасы қымбат заттарды алудың қажеті жоқ. Не нәрсе сатып алғыңыз келіп тұрса да өзіңізге «Бұл маған шын мәнінде қажет бола ма?» деген сұрақ қойыңыз. Мені осы сұрақ талай рет құтқарып қалады. Кейбір саяхатшылар өздеріне жайлылық іздеп, керегі жоқ заттарды да керек болып қалады деп сатып алады, кейін ол сөмкенің түбінде жата береді. Артық зат көтеріп жүрудің не қажеті бар?«, - дейді Асқар Жанапов.

Қауіпсіздік шараларына келетін болсақ, суды артығымен алып жүру керек, ұялы телефонды қуаттайтын құрылғыны да ұмытпаған абзал. Негізі саяхаттың түрі көп және кеңес те соған байланысты өзгеріп отырады. Бұл тұрғыда сіздерге интернет көмекші бола алады. Саяхаттайық, көкжиегімізді кеңейтейік, достар!», - дейді ол.



Соңғы жаңалықтар