Үйде емделіп жатқан пневмониясы бар науқастар дәріні тегін алуы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өкпесі қабынғанымен ауруханаға жатпаған науқастар дәріні тегін алуы тиіс. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, қолданыстағы тізілімге сәйкес, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалар ЖРВИ, тыныс алу жолдарының өткір аурулары, ауруханадан тыс өкпе қабынуы кезінде, ал ересек адамдар ауруханадан тыс өкпе қабынуы кезінде тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі тиіс.

«Бұл дәрі-дәрмектерді учаскелік дәрігер жазып береді және ол бақылаушы орган қанша препарат, кімге жазылып берілгенін көріп отыруы үшін ақпараттық жүйе арқылы өтеді», - деді вице-министр.

Людмила Бюрабекованың айтуынша, бүгінде еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты барлық өңірде мұндай дәрі-дәрмекті учаскелік медбикелердің үйге жеткізіп беруі ұйымдастырылған.

«Бұл препараттарды мобильді бригадалардың да жеткізіп беруі жоспарланған. Дәрігер тегін қамтамасыз етілетін мұндай препараттарды жазып бергенімен, пациент дәріханадан барып алатын жайттар болып жатса, онда мұндай фактілерді бізге хабарлауды өтінеміз. Шара қолданатын боламыз», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар