Үйге қайтуға қорыққан: Алматыда жоғалып кеткен 12 жасар қыз көшеде түнеп шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жоғалып кеткен 12 жасар қыз үйіне оралуға қорқып, көшеде түнеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кешкі сағат сегіз шамасында полицияға кәмелетке толмаған қыздың жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Баланың ата-анасының айтуынша, сағат төрттерде ол дүкенге барып, содан үйге қайтып оралмаған.

«Қызды іздестіруге криминалдық, ювеналды және патрульдік полиция қызметкерлерінен, учаскелік инспекторлардан жедел іздестіру тобы құрылды. Жоғалған қыз оқып жатқан мектептің мұғалімдері де қолдан келген көмегін көрсетті. Оны іздеуге барлығы 50-ге жуық адам тартылды. Оқу орнында қыздың тәртібі жақсы екенін, жағымсыз әдеттері болмағанын біле отырып, біз оның жоғалуының барлық нұсқаларын қарастырдық. Қыздың әлеуметтік ортасы, аудан тұрғындары мұқият сұрастырылды, бейнебақылау камераларының жазбалары қаралды. Жеке меншік секторда үйден алыс емес жерде қараусыз қалған, аяқталмаған ғимараттар, биік шөптер бар екенін және түн болғанын ескеріп, ойымызға жаман ойлар келе бастады. Әрқайсысымыз баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанын түсіндік, оның қауіпсіз және сау күйінде табылуы - әр қызметкер үшін үлкен міндет. Ауа райының қолайсыздығына және түнгі уақытқа қарамастан, іздестіру тобы әр иесіз ғимарат пен қаңырап бос қалған жерлерді іздестірді», – дейді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Әлішер Тұрсынбетов.

Іздестіру шараларының нәтижесінде таңға дейін қыз аман-есен табылды. Кейінірек кәмелетке толмаған бала дүкенге бара жатқанда достарын кездестіріп қалып, ойнап кеткенін мойындады. Сосын үйге оралуға қорыққан.

Соңғы жаңалықтар