Ұжымда 10 шақты ғана қызметкер болды: Қазақстанның алғашқы Сыртқы істер министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан кейін іле-шала құрылған ведомстволардың бірі – Сыртқы істер министрлігі. Ал бүгін Қазақстанда адами парасатпен қатар кісілікті, білімділік пен біліктілікті, төзімділікті талап ететін мамандық иелерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай егемендіктің елең алаңында КСРО-ның Тегерандағы Елшілігінде қызметін атқарып жүрген жерінен ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы шақыруымен Отанына оралып, еліміздің сыртқы саясат ведомствосын құру ісіне белсене кіріскен Төлеутай Сүлейменовтен естеліктерімен бөлісуді сұраған едік.

Қазақ елінің Сыртқы істер министрлігі қалай қалыптасқан еді?

«Дипломатияда 43 жыл жұмыс істедім, жарты өмірімді дипломатияға арнадым. Аз уақыт емес. Көптеген қиыншылық та, жақсылық та болды. Бәрі жадымда. Кәсіби мерекеміздің қарсаңында мұны үнемі айтып, ізімізді басып келе жатқан жастардың қаперіне салып отырамын. Өйткені, жас дипломаттардың бойына патриоттық рух керек.

Ал Тәуелсіздікті алғаннан кейінгі еліміздің сыртқысаясат ведомствосының жағдайына тоқталар болсам, оған дейін біз дипломатия, сыртқы іс саясатын өз еркімізбен жүргізе алған жоқпыз. Өйткені, Мәскеуден, орталықтан «былай істеңдер, осылай айтыңдар» деп нұсқаулық беріп отырды. Яғни тікелей шетелге шығуға, сұхбат беруге, өзге елдермен қарым-қатынасты орнатуға заңға сәйкес құқығымыз болған емес. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін алдымыздан барлық жол ашылды, көптеген мүмкіндіктер пайда болды. Саясатымызды өзіміз жүргіздік, бәрін ақ парақтан бастадық. Қиындықтар өте көп еді. Себебі білікті маман болған жоқ. Сыртқы істер министрі болып қызметке кіріскенімдегі ұжымда 10 шақты ғана қызметкер... Оның ішінде білікті дипломат 2-3 адам ғана. Олардың өзінің тәжірибесі жетік емес. Сондықтан оларды шетелге жіберіп, білімін жетілдірдік. ҚазМУ-да (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) халықаралық факультет ашып, онда мамандар дайындап, Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа алдық. Осылайша, «бәрін шешетін кадр» тапшылығын біртіндеп, кезең-кезеңімен жойдық. Алғашқы кезде министрлікте жұмыс істеген қыз-жігіттер шетел тілін шала-шарпы білетін. Өйткені тілді жетік білу үшін тәжірибе керек. Аудармашылардың да білімін, біліктілігін жетілдіруге көп күш жұмсадық», - деп еске алады Төлеутай Сүлейменов.

Осы орайда ол еліміздің Парламенті Сыртқы істер министрлігінің алдына өзге мемлекеттермен арадағы заңдардың, келісімдер мен келісімшарттардың қазақша нұсқасына қол қою керектігін тапсырғанын еске алды.

«Алғашқы 2-3 жыл қиынға соқты. Неге десеңіз, жылдам аударма жасау мүмкін болмады. Мұндай құжаттардың жобасы дайындалғаннан кейін Президенттің, Үкімет басшысының қарауына берілетін. Ал ол құжаттар қол қойылғаннан кейін қайта кері қайтарылатын. Өйткені мәтін дұрыс аударылмай кететін. Содан кейін оны қайта күзеуге, түзеуге тура келеді. Кездесулерде, келіссөздерде тікелей аударма жасайтын мамандардың өзі де бірен-саран еді. Әрине, екеуара әңгіменің тігісін жатқызып аударып бергенімен, күрделі мәселелерді сөзбен орнықты жеткізетін аудармашы тапшы болды. Бірақ 2-3 жылдың ішінде қазақ дипломатиясының аудармашылары кәсіби тұрғыда жетіліп, еліміздің мәртебесін халықаралық іс-шараларда өзгелермен иық тіресе қорғай алатын дәрежеге жетті», - деді ол.

Қазақ дипломатиясының протоколы туралы айтып берсеңіз?

«Қазақ дипломатиясында протокол деген болған емес. Сондықтан да бұл бағытта біраз дайындық жұмыстарын жүргізу қажеттігі айқын еді. Оны жедел дайындап Президенттің шешімімен бекітіп, мемлекеттік органдарға тараттық. Соның нәтижесінде бекітілген протокол арқылы шетелден келген қонақтарды қабылдай бастадық. Онда мәртебелі мейманды қай жерге, өзіміз қай жағында отыруымыз керек, ресми қабылдау рәсімі қалай өтуі тиіс, ас мәзірі қандай болуы керек деген мәселенің барлығы қамтылды. Ал оған дейін ресми қонаққа қонақасын беру қалай жүргізілетін еді? Бірінші, екінші, үшінші тағам, тәтті тіске басар бәрі дастарқан үстінде тұратын. Кәмпит пен печеньеден бастап, бал да, тосап та, қазы-қарта, жал-жаямен қатар қазақтың еті де, бауырсақ та дастарқанға қойылатын. Оны қонақ жей ме, жемей ме шаруа жоқ. Тіпті, дастарқан басында отыратын адамның қолын қоятын жер қалмайтын. Бұл дұрыс емес», - деді дипломат.

Төлеутай Ысқақұлы Еуропа және басқа да елдерінің протоколына сәйкес, дастарқан үстінде ас мәзіріндегі үш тағамды жеуге қажетті қасық, шанышқы, пышақ және шарап пен су болатындығын айтады.

«Мұны да біртіндеп протоколға сай жасадық. Дастарқан қасына қызмет көрсететін қыз-жігіттің қолына ақ қолғап кигізіп, бірыңғай киім үлгісін жасадық. Қазақша етті, жалпы ыстық тамақты мәдениетті түрде тарту мәдениетін қалыптастырдық. Мұны сол кездегі астанамыз Алматыда ғана емес, шетелдік кәсіпкерлер, мәртебелі меймандар түрлі жұмыс сапарымен баратын еліміздің барлық өңірінде жолға қойдық. Шетелге сапарға шығатын ресми өкілдерімізбен қатар бизнесмендеріміздің де сол елдің протоколына сай киінуіне, тамақтануына жіті мән беру қажеттігін үйреттік. Жалпы, киім демекші, сол бір Тәуелсіздіктің елең-алаңында тіпті біздер – министрлер де дұрыс киіне алмадық. Өйткені, қаражат жоқ. Қаражат болса да, оны сатып ала қоятын дүкен жоқ еді. Мұндай да қиындықтың бәрі артынан түзелді. Жақсы киім киіндік, протоколдың барлық талаптарын орындадық. «О, қазақ дипломаттары, қазақ министрлері» дейтін дәрежеге жеттік», - деді еліміздің алғашқы Сыртқы істер министрі.

Шет мемлекеттермен келіссөздердегі алғашқы қиындықтар...

«Алғашқы уақытта Еуропа, Азия, Араб елдерімен, Америкамен болсын келіссөздер жүргізу қиындау болды. Бірақ ядролық қару мәселесінде өзіміздің мүддемізді алға салып, елімізді, жерімізді, шекарамызды, Тәуелсіздігімізді қорғау жолында барымызды салдық. Көкірек кермедік. Бірақ кеудемізді көтеріп, басымызды тік ұстап, барымызды салдық. Өйткені, Тәуелсіздік бір күнде берілмейді. Ал алған егемендікті жан-тәніңмен қорғап қалу керек. Міне, биыл 30 жыл толып отыр. Осы уақыт бойы қорғап та келеміз», - деді ол.

Осы орайда Төлеутай Ысқақұлы 1991 жылдың күзінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Уоррен Кристофердің Қазақстанға ресми сапармен келгенін, мұхиттың арғы жағындағы алып елдің республикамыздағы ядролық қаруға қатысты ұсыныстарынан бас тартқанын еске алды.

«Біз олардың ұсынысынан үзілді-кесілді бас тартқаннан кейін Уоррен Кристофер Вашингтонға хабарласып, басшылығымен кеңесті. Біздің ядролық қаруға қатысты ұстанымымызды жеткізді. Әйтеуір ол қанша терлеп-тепшісе де, біз сол кездегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қалауымызды орындаттық. Бірден айтайын, ядролық қаруды бірден бас тарта салған жоқпыз. Дипломатияны қолдану арқылы ядролық қаруды бере отырып, әлемнің ядролық алпауыт елдерінің кепілін алдық, мемлекетімізге инвестиция, кредит, заем тарттық. Бұл келіссөз барысында жүрегіміздің түбінде тұрған мақсат еді. Сол мақсатқа қол жеткізе алдық. Міне, осы жылдардың ішінде соның жемісін көріп отырмыз»,- деді Төлеутай Ысқақұлы.


Соңғы жаңалықтар