Ұжымдық иммунитет не үшін қажет – дәрігер пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирустың үнді штамы бұрынғыдан қалай ерекшеленеді? Неліктен ұжымдық иммунитеттің болуы маңызды? Бұл сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласының №2 қалалық емханасының Профилактика бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Баратова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жаз былтырғыдан өзгеше, өйткені қазір вирустың тағы бір штамы – Дельта бар, ол өзінің анағұрлым жұқпалы болуымен ерекшеленеді. Коронавирустың Ухань нұсқасында вирусты төрт адамға дейін жұқтыратын болса, қазіргі жағдайда – бір адамнан жеті адамға дейін жұғуы мүмкін. Дельта штамының инкубациялық кезеңі екі есе қысқа – тек жеті күн және аурудың белгілері де өзгеше: ЖРВИ, тамақтың қышуы, бас ауруы және жөтел байқалады. Сондай-ақ, асқазан ауырып, іштің өтуі де мүмкін. Адамдар әлі де дім мен иіс сезудің жоғалуы сияқты алдыңғы штамға тән белгілерді күтіп жүр. Не дегенмен жағдай бақылауда. Қазір КВИ науқастарына баратын мобильді бригадалар жұмыс істейді. Науқастар оқшауланып жатыр, олармен мобильді бригадалардың қызметкерлері жұмыс істейді, ем-дом тағайындайды. Егер адамдардың жағдайы ауыр болса, олар ауруханаға жатқызылады», - деп атап өтті дәрігер.

Оның айтуынша, қазір елімізде ұжымдық иммунитетті дамыту үшін адам саны жеткіліксіз.

«Сол себепті адамдар әлі ауру жұқтырып жатыр, коронавирус күшейіп, жұқтырғандар саны өсуде. Әрине, вакцина коронавирустан 100% қорғамайды. Өйткені, вакцина алған адамдар да ауырады, бірақ вакцина ауруды әлдеқайда жеңілдетеді, асқынулар болмайды, мұндай науқастар өкпені жасанды желдету жағдайына жетпейді. Мысал ретінде тұмауды алып қарайық. Тұмауға қарсы екпе алғандар да тұмаумен ауыруы мүмкін, бірақ ауруға оңай және асқынусыз төтеп береді», - деп түсіндірді Гүлмира Баратова.

Дәрігер коронавирустан қорғанудың ең жақсы әдісі – вакциналау екенін еске салды.

«Әзірге бұл – жалғыз қорғану жолы. Карантин шараларын сақтай отырып, өзіңізді қорғай аласыз. Өкінішке орай, кей тұрғындар денсаулығына байланысты вакцина салдыра алмайды. Вакциналауға болмайтын онкологиялық науқастар да бар. Бұл жағдайда ұжымдық иммунитет көмектеседі. Тұрғындардың басым көпшілігі вакцина алса, КВИ вирусының қоздырғышы айналымға түспейді, демек, вакциналауға қарсы көрсетілімі бар адамдар да қорғалады. Барлық тұрғындарды вакцина егуге шақырамыз, ол үшін барлық жағдай жасалған, егу пункттері жұмыс істейді», - деді дәрігер.


Соңғы жаңалықтар