Ұзыншұлық Пиппи тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада әлемге танымал швед жазушысы Астрид Линдгреннің қазақ тіліндегі «Ұзыншұлық Пиппи» кітабы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Фолиант» баспасына сілтеме жасап.

Шараға Швеция Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Матс Фойер, жазушылар, журналистер және қоғам белсенділері келді.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында балалар әдебиетіне ерекше мән беріп, «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн» деген болатын. 2021 жыл – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып жарияланғандығы да белгілі. Осы мақсатта «Фолиант» баспасы қазіргі ұрпақтың псхологиясына тән, тәлім-тәрбиелік маңызы бар сапалы туындыларды басып шығаруды, әлемдік әдебиетте орны бар келелі шығармаларды аударуды қолға алып отыр», - деп хабарлады баспа үйі.

Кітапты қазақ тіліне аударған Мира Сембайқызы шығарманы толық аударуға үш айдай уақыт кеткенін айтты.

«Көп балалалы ана болғандықтан өзім де балаларыма арналған қазақша кітаптар іздеп интернет-дүкендерді ақтарып отыратынмын. Әйгілі швед жазушысы Астрид Линдгреннің «Пиппи Ұзыншұлық» шығармасын аудару мен үшін үлкен тәжірибе, қызықты жұмыс болды. Қазақ тіліндегі балалар шығармасына тағы бір кітаптың қосылатыны және оған себепкер болғаным – үлкен жетістік. Өзім де балаларға арнап шығармалар жазып жүргендіктен, әрі Пиппидің оқиғалары жеңіл, ойнақы болғандықтан аудармада айтарлықтай қиындық болмады. Редактормен «Pippi есімін Пеппи, әлде Пиппи деп аламыз ба?» деп біраз талқыға салып, түпнұсқасына сүйеніп, Пиппи нұсқасын таңдадық», – деді Мира Сембайқызы.

ЮНЕСКО ұйымының мәліметінша, Астрид Линдгрен әлемнің ең көп аударылатын 20 авторы арасында 18-орында, бұл тізімде А. Линдгрен Федор Достоевский, ертегі патшасы Ганс Христиан Андерсендермен қатар тұр. А. Линдгрен әдебиет алаңында ғана емес, Швецияда қоғамдық пікір көшбасшысы, елінің белсенді журналисі болған.

76 жыл бұрын жарық көрген «Ұзыншұлық Пиппи» еңбегі Швецияда «Балақай және шатырда тұратын Карлсон» кітабынан әлдеқайда танымал екенін біреу білсе, біреу біле бермес. 2005 жылы ЮНЕСКО әлемде ең көп аударылатын кітаптар тізімін жариялады. Тізімге сәйкес, Ұзыншұлық Пиппи 5-орында. «Ұзыншұлық Пиппи» соғыстан кейінгі швед балалары үшін бостандық, өмірге деген сүйіспеншілік символына айналды. Линдгрен балаларға қарсы зорлық-зомбылықты тоқтату мен оларға деген құрмет сезімін қалыптастыру қажеттігін қоғамға жеткізу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды. Барлық кітаптарынан «еркін тәрбиелеу шекараның немесе ата-анаға құрметтің жоқтығын білдірмейді, бұл ата-ананың балаға құрметін білдіреді», «Балаңызға шың көңілмен мән беріңіз», «Балаңызды қолдаңыз», «Балаңызды тыңдауды үйреніңіз», «Балаңызбен ойнаңыз», «Балаңызбен сөйлесіңіз» және ең бастысы «Балаңызға қол көтермеңіз» деген идея байқалады.


Соңғы жаңалықтар