Вакцина алған жүкті әйелден құрсағындағы сәбиге антидене беріледі – дәрігер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Екпе ананың құрсағындағы балаға оң әсер етеді. Себебі, вакцина алған соң анасынан болашақ сәбиіне антидене беріледі. Елордадағы №7 қалалық емхананың акушер-гинекологы Гүлназ Ислямованың айтуынша, әйел вакцинаны жүктіліктің үшінші триместрінде салдырған болса, оның антиденелері баланы кем дегенде жарты жыл қорғайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

– Жүкті әйелдерді вакциналау қалай жүзеге асып жатыр?

– Қазіргі таңда жүкті және емізулі әйелдерді вакцинациялау оңайға соғып жатқан жоқ. Өйткені әлеуметтік желілерде тараған көптеген жалған ақпараттар, видео-слайдтар вакцина егуге кері әсерін тигізуде.

Көптеген әйелдер сол жалған ақпаратарға сеніп, вакцина алуға қарсылық білдіреді. Қазір ақпараттық технологияның дамыған заманында вакцинаның ағзаға, жатырдағы сәбиге оң әсері туралы ақпараттанған әйелдер кездеседі. Соған қарамай, әр жүкті әйелмен вакцинаның пайдасы туралы әңгіме жүргіземіз.

– Вакцина жүкті әйелдің құрсағындағы сәбиге қалай әсер етеді?

– Бүгінге дейін біздің емханада 96 айел вакцина алды, оның 18-і жүкті, 78-і – емізулі айелдер. Екпе ананың құрсағындағы балаға оң әсер етеді. Себебі, екпе алған соң анасынан болашақ сәбиіне антиденелер беріледі.

Әйел вакцинаны жүктіліктің үшінші триместрінде салдырған болса, оның антиденелері баланы кем дегенде жарты жыл қорғайды.

Айта кетейік, қазір әлем бойынша жүкті әйелдерді егу басталды. Екпе атауы – «Комирнати» - SARS-CoV-2 тудыратын коронавирустық инфекцияның профилактикасына арналған мРНҚ (нуклеозидтермен модификацияланған) негізіндегі КВИ-ге қарсы вакцина.

«Комирнати» (Pfizer компаниясының өнімі) құрамында иммундық қорғаныш тудыратын вирус жоқ, КВИ инфекциясын тудыруы мүмкін емес. Бір құтыда сұйылтқаннан кейін 0,3 мл-ден 6 доза бар.

- Жүкті әйелдерге қандай жағдайда вакцина алуға болмайды?

- белсенді затқа немесе препараттың кез-келген басқа компоненттеріне аллергия болса;

- жүктіліктің алғашқы 16 аптасында;

- жүктілік мерзімі 37 апта және одан жоғары болса;

- жіті инфекциялық аурулар кезінде;

- иммунды тапшылықты аурулар;

- антикоагулянт терапия қабылдап жүрген айелдерге, қан ұю жылдамдығы бұзылған айелдерге (гемофилия) екпе алуға болмайды.

– Коронавирус жүкті әйелдерде қалай жүреді және қаншалықты қауіпті?

Жүкті әйелдерде коронавирус белгілері симптомсыз жүреді. Бәрінде болмаса да, көбі өзінің ауырып жүргенін байқамайды. Ал COVID-19 асқынғанда аяғы ауыр әйелдерді емдеу оңайға соқпайды.

Сондықтан жүкті әйелдер COVID-19 вирусын жұқтыру бойынша қауіпті топқа жатады. Әсіресе экстрагениталды ауруы бар, яғни қант диабеті, бронхиалды астма, созылмалы қабыну аурулары бар және 35 жастан асқан жүкті әйелдер үшін қауіпті.

Жүктілік кезінде жатырдың өсуіне байланысты өкпеге орын аз қалады және айел ағзасында айналымдағы қан көлемі жоғарылайды.

Іштегі ұрықты оттегімен қамтамасыз ету үшін ананың жүрегі мен қантамырларға 2 есе күш түседі. Вирус жұққан сәтте, осы аталған ағзаларға әсерін тигізеді, жүктілік ағымының асқынуына әкелуі мүмкін.

Сондықтан, қазіргі уақытта ана мен бала денсаулығын сақтаудың ең тиімді жолы – вакцина алу.


Соңғы жаңалықтар