Вакцина алу - азаматтық парызым: Астаналықтар екпені қалай алып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде елімізде коронавирус індетіне қарсы вакцина алу процесі қарқынды жүріп жатыр. Азаматтарға қандай вакцина алу таңдауы да бар. Қазақстандықтар екпені емханалардан бөлек, ойын-сауық және ірі сауда орталықтарынан да ала алады. Осы орайда елордада халықтың індетке қарсы вакцина алу барысы қалай жүріп жатқанын ҚазАқпарат тілшісі біліп қайтты.

Елорда жұртының вакцина алу барысын қадағалау мақсатында «Ханшатыр», «Керуен», «Абу-Даби Плаза» және «MEGA Silk Way» ойын-сауық және сауда орталығын араладық.

Айта кетсек, бүгінде қала бойынша 80-нен астам вакцина алу бекеті жұмыс істеп тұр және оған 300-ден астам маман жұмылдырылған.

Қазіргі уақытта Ханшатыр ойын-сауық және сауда орталығындағы вакцина алу бекетінде Спутник және Vero Cell (Sinopharm) қолжетімді екен.

«Осы жерде 2 волонтер жұмыс істейміз. Біздің міндет келушілерге көмек көрсету. Яғни вакцина алуға қатысты сұрақтарға жауап береміз. Келушілердің саны әркезде әрқалай, мысалы дүйсенбі өте көп болды, бүгін адамның қарасы аздау. Біздің белгілі жұмыс кестеміз бар, мен таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 17:00-ге дейін осындамын. Өз басым вакцина алуды қолдаймын, мен Спутниктің бірінші компонентін алдым, жуырда екіншісін аламын», - деді волонтер (аты-жөнін көрсетпеуді өтінді).

Аталған сауда үйінде орналасқан вакцина бекетіне халық енді жинала бастады.

«Мен бүгін Спутниктің екінші компонентін алуға келіп отырмын. Бірінші дозаны сәтті алдым, ешқандай кері әсері болмады. Екпе әркімге әрқалай әсер етеді, кейбіреулер вакцина алғаннан кейін өзін жайсыз сезініп жатыр екен деп естіп жатамын. Мен де бәрі ойдағыдай болды. Бұл жолы да солай болады деп ойлаймын, кезегімді күтіп отырмын», - дейді қала тұрғыны Жұмагүл Бегулина.

Өз кезегімізде маманның пікірін білуді де жөн көрдік.

«Бастапқыдағыдай емес қазір вакцина алушылардың қарқыны жақсы. Өзім екпені ақпан айында алғам. Ал вакцина алу бекетінде сәуір айынан бастап жұмыс істеп келем. Көбінесе кешқұрым адам ағылады, жұмыстан соң келеді-ау деймін. Демалыс күндері де екпе алуға ниеттілер жеткілікті. Кейбір келушілер вакцина алғысы келгенімен бірақ үрей, қорқыныштың барын айтады, ондай жағдайда біздің мамандар өз кеңесін ұсынады. Бастысы халық өз еркімен келіп жатыр, екпе алуға ниетті», - деді вакцина салушы медбике Гүлзада Ахметова.

Екпе салу орындарында негізгі мамандардан бөлек, қажет жағдайда медициналық кеңесін ұсынатын қызметкер де бар екен.

«Мен осы жердегі вакцина алу процесін ұйымдастыруға жауаптымын. Одан бөлек, мамандар мен келушілердің вакцинаға қатысты сұрақтарына жауап беріп, кеңес беремін. Біздің бекетте келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Келген адам алдымен сауалнама толтырады, содан соң терапевт маманның қарауынан өтеді. Маманның рұқсатынан соң кезек бойынша қалаған екпені алады. Екпеден соң жарты сағаттай отырып, демалғаны абзал. Қажет жағдайда мамандарымыз екпе алуға көмегін ұсына алады. Мен өзім бұл жерде 25 тамыздан бері жұмыс істеп келемін, осы уақыт аралығында 2 мыңнан адамды қабылдадым. Вакциналарды сақтауға да көп мән беріледі. Арнайы мұздатқышта, белгіленген температурада сақталады. Одан бөлек, келушілерге вакцина алғаннан кейінгі талаптар түсіндіріледі. Немесе үйіне барған соң өзін жайсыз сезінсе не істеу керек және хабарласу қажеттігін айтамыз», - деді консультант-дәрігер Майкамал Есілбаева.

Сондай-ақ, дәрігер аталған бекетке келушілер көбінесе Vero Cell (Sinopharm) және QazVac вакцинасын алып жатқанын тілге тиек етті.

Сауда үйлерін аралау кезінде вакцина бекетінен «Астана Опера» опера және балет театрының солисі, танымал әртіс, Бейімбет Таңарықовты кездестірдік.

«Вакцинаның бірінші компонентін алуға келдім. Таңдауым ресейлік вакцинаға түсті. Өз басын және айналасындағы жандарды індеттен қорғау үшін вакцина алу керек деп ойлаймын. Отбасымызды, жақындарымызды, дос-әріптестерімізді қорғауымыз керек. Менің әріптестерім де вакцина алып жатыр», - дейді ол.

Сауда орталықтарында вакцина бекеттері жұмыс және демалыс күндері жұмыс істеп тұр. Мамандардың айтуынша, вакцина алуға ниет білдірушілердің қатарында COVID-19-бен ауырып шыққандар да бар екен.

«Қазір бізде Спутник, Vero Cell (Sinopharm) және QazVac вакцинасы бар. Вакцина алмас бұрын пациент сауалнама толтырып, терапевт маманың тексеруінен өтеді. Екпе алуға келгенімен кейде ол адамға медициналық тұрғыдан рұқсат жоқ болып шығады. Ондай сәтті дәрігерлер қадағалап отырады. Қалай болады екен деп үреймен келетіндер ме бар. Сол сияқты коронавируспен ауырған соң екпе алуға бел буғандарда келіп жатады. Мен халыққа вакцина егумен осы бекетте 6 ай жұмыс істеп келемін. Жұмыс уақыты таңертеңгі сағат 10:00-нан кешкі 22:00-ге дейін», - деді вакцина салушы маман Жанерке Жайлауова.

Біз болған 4 ойын-сауық және сауда орталықтарындағы вакцина алу бекетіне халықтың түскі үзілісте және кешке ағылатыны байқалды.

«Вакцина алуға қатысты біраз ойланып жүрдім. Мәселе күдіктенгенімде емес, қай түрін алсам екен деп. Ойлана келе Спутник алуды шештім. Отбасымда менен басқалары әлдеқашан алып қойған. Сосын менде уақытты созбайын дедім, денсаулықпен ойнауға болмайды. Жалпы вакцина алуды денсаулықтан бөлек, азаматтық парызым деп ойлаймын. Әзірге өзімді жақсы сезінім тұрмын, ешқандай кері әсері сезілмейді», - дейді астаналық Омарбек Қалтаев.



Соңғы жаңалықтар