Венгрия кеденінде табылған 412 тарихи жәдігер Түркияға тапсырылды

None
None
БУДАПЕШТ. Анадолы-ҚазАқпарат – Венгрияның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Петер Сийярто Түркия елінің Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлыға 2015 жылы Венгрия кеденінде тексеру кезінде алынған 412 тарихи жәдігерді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Венгрияға ресми сапармен келген түрік дипломатиясының басшысы Сийяртомен «көзбе көз» форматындағы кездесу өткізді. Келіссөздерден кейін делегациялардың қатысуымен кеңейтілген құрамдағы кездесу болды.

Кездесу аясында Венгрия министрі 2015 жылы венгриялық шекарада анықталған тарихи жәдігерлерді тапсырды.

Чавушоғлы Венгрия билігіне түрік халқының атынан алғысын білдіріп, бұл жәдігерлерді Түркияда тағатсыздана күтіп отырғанын мәлімдеді.

«Біз 2015 жылы Венгрия шекарасындағы тексеру кезінде табылған Анатолия кезеңіне жатқызылатын тарихи жәдігерлерді алдық, енді оны еліміздің мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсойға тапсырамыз. Достас Венгрия еліне бұл процесте қолдау білдіргені үшін алғысымызды білдіреміз», - деп жазды Чавушоғлы Twitter-де.

Венгрияның құқық қорғау органдары бұл жәдігерлерді 6 жылға жуық уақыт бұрын Түркия азаматының көліктік құралын тексеру кезінде анықтаған.

Табылған заттар туралы ақпарат Түркияның СІМ-нің Интерпол және Еурополмен жұмыс жүргізу бөліміне жіберілген.


Соңғы жаңалықтар