Волейбол спортының кеңінен дамуы үшін әр өңірде жағдай жасау қажет – Амандық Баталов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жуырда мемлекеттік қызметтің ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткері Ерсұлтан Бектұрғановтың 70 жылдық мерейтойына орай елордадағы «Астана» спорт кешенінде волейболдан ардагерлер арасында халықаралық турнир өткен еді. Осы жарысқа өз командасын жасақтап, алып келген азаматтың бірі – мемлекет қайраткері, волейболдан спорт шебері, Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов. Ол ҚазАқпарат тілшісіне отандық спортты дамытудың жолдары туралы әңгімелеп берді.

– Амандық Ғаббасұлы, ел спортын өркендетудің маңызы туралы айтсаңыз?

– Маңызы өте зор. Өзім жауапты мемлекеттік қызметті атқарып жүрген кезімде, қолымнан келгенше спортты дамытуға бар күш-жігерімді салдым. Жетісу өңірінде кәсіби спорттың және бұқаралық спорт түрлерінің кең қанат жаюына жан-жақты мән беруге тырыстым. Алматы облысының әкімі қызметіне келмей тұрып-ақ волейбол командаларын құрған едім. Соның ішінде өзімнің бастамам бойынша «Рахат», «Жетісу» және «Айқаракөз» командалары құрылды. Білікті бапкерлердің тыңғылықты жаттықтыруының арқасында олар үздік нәтижелерге қол жеткізді.

Әр аудан мен әр ауылда кішкентай балалардан бастап спортпен шұғылдануына мүмкіндік болуы керек. Осы мақсатта біраз істер атқарылды. Жаттықтарушылар шақырылды, оларға тиісті еңбекақы төленді, жататын жерлері және басқа мәселелерін де шешкен едік. Жақсы нәтиже көрсеткен балаларға гранттар берілді. Кішкентай күнінен жақсы бапкерден тәлім алып, жан-жақты шыңдалып, өздерін жетілдіре білген жас спортшылар өсе келе шеберліктерін көрсетті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері дәрежесіне жетті, қазір Қазақстанның құрама командасында ойнап жүр.

Ел азаматтарының спортта үлкен табыстарға жетуіне мүмкіндіктер мол. Алайда, барлық облыста спорт жақсы дамып кетті деп айта алмаймын. Сол себепті еліміздің барлық өңірінде спорт секциялары ашылуы және жаңа командалардың құрылуы өте маңызды. Ауыл мен аудандарда жарыстар өтсе, бәсекелестік арта түседі. Сондай тартысты додалар өткен сайын мықты спортшылар шығады.

– Өзіңіз Алматы облысына басшылық жасаған кезде балалар спортын дамытуға қандай қадамдар жасалды?

– Балдырғандар арнайы келіп айналыссын деп Алматы облысында 14 спорт кешенін салып бердік. Бұл мектептегі спортзалдардан бөлек. Оның ішінде балалар күрес, бокс, гимнастика, футбол, волейбол, баскетбол және басқа да спорт түрлерімен шұғылданады. Спорт кешендеріне барған балалардың арасынан ертең-ақ Жақсылық Үшкемпіровтер мен Серік Қонақбаевтар шығады.

– Біраз жасқа келсеңіз де, спорттан қол үзбеу, ардагерлер арасындағы жарыстарға қатысу өзіңізге күш-қуат бере ме?

– Әрине. Әр адам өзінің дене бітіміне мән беруі керек. Салауатты өмір салтын ұстану ізгі ойларға жетелейді және мағыналы әрі ұзақ өмір сүрудің кепілі. Кейде жұмыстан қолымыз босамай, волейбол ойнамай қалсақ, спортзалға барғымыз келіп тұрады. Қимыл-қозғалысты, ойыннан алатын әсерді адамның санасы мен денесінің өзі қажет етеді. Кейде мен іссапарда болып, ұзақ жол жүріп, спортзалға шаршап келемін. Ал бір кішкене ойнап, денеміз қызған соң, шаршағанымызды ұмытып кетеміз. Сергіп, серпіліп қаламыз.

Әсіресе, жауапкершілігі жоғары мемлекеттік қызметте жүрген және басқа саладағы мимен көбірек жұмыс істейтін адамдар үшін спорттың берер пайдасы өте мол. Күні бойы үстелде отырып жұмыс істеген адамның денесі жаттығу жасамаса, таза ауада жүріп-тұрмаса, жыл сайын салмақ қоса береді. Ас қорыту процесі де бұзылады. Тіпті спортзалда жаттыққанда мидың шаршағаны басылады. Жиналып қалған түрлі керек емес ойлардан, ақпараттардан арыласың. Тың идеялар пайда болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

Амандық Баталов тәуелсіз елімізге сіңірген еңбегі үшін бірнеше орденмен, медальдармен марапатталған. 20 жылдан астам уақыт Алматы қаласы және Алматы облысы волейбол федерациясының президенті қызметін атқарды. «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері» атағына ие болды. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. Қазір зейнеткерлік демалыста.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ардагер спортшылар арасында халықаралық турнир өткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар