Волонтер: Қайырымдылықпен айналыса бастағанда не үшін тірі қалғанымды түсіндім

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ол күндіз Даун синдромы бар, аутизм және сал ауруына шалдыққан балаларға емдік дене жаттығуларын жасауды, кешке дәл осындай диагноз қойылған балаларға спортпен айналысуды үйретеді. Ол бала кезінде өлім аузынан аман қалу себебін «Алла тағала мені осындай ерекше балалармен жұмыс істеуім үшін аман алып қалды» деп түсіндіреді. Бүгінгі кейіпкеріміз – «Әли» спорттық-сауықтыру клубының негізін қалаушы, емдік-дене шынықтыру нұсқаушысы Садық Байымбетов.

ТІРІ ҚАЛАДЫ ДЕГЕН ҮМІТ ЖОҚ

- Менің ойымша, адам қандай істі қолға алса да – түбінде балалық шағындағы арманына қатысы бар болып шығады, сол себепті сұхбатымызды сіздің балалық шағыңызға саяхат жасаудан бастасақ…

- 1989 жылы мамыр айында Шымкент қаласында өмірге келдім. Менің алдымда өмірге келген ағам шетінеп кеткен. Ал мен 8 айлық кезімде шала туып, рахит дертімен ауырдым. Дәрігерлер анама «Сәбиіңізді үйге алып кетсеңіз болады. Тірі қалады деген үміт жоқ» деп айтқан екен. Бірақ ата-анам үміттерін үзбей, менің өмірім үшін күрескен. Әкем маған өзінің қанын құйса, анам әртүрлі медициналық ұйымдарға алып барып, емдеткен. Бірінші сыныпта сары ауру, яғни гепатит дертіне шалдығып, төрт ай бойы ауруханада жаттым. Қатарластарымнан қалыспас үшін үйде көп сабақ оқитынмын. 4-сынып оқып жүрген кезімде туысым мені бокс үйірмесіне берді. 9-сыныптан бастап облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеде жүлделі орындар ала бастадым. Илья Ильин, Бақтияр Артаев, Серік Сапиев, Данияр Елеусінов сияқты олимпиада чемпиондарымен бірге жаттығып жүрдім.

- Бүгінгі таңда ауыр дертке шалдыққан балаларға емдік дене жаттығуын жасап, спортпен айналысуына көмектесесіз. Басқа емес, дәл осы жолды таңдауыңызға не түрткі болды?

- 2012 жылы Дене шынықтыру факультетін бітірдім. Одан кейін елордадағы Балалар оңалту орталығында емдік дене шынықтыру нұсқаушысы мамандығы бойынша білім алып, біліктілігімді арттырдым. Жоғарыда айтып өткенімдей, бала кезімде аурушаң болдым. Осындай балаларға көмектесуім үшін Алла тағала маған өмір сүру мүмкіндігін берді деп ойлаймын, себебі өмірде кездейсоқтық болмайды.

ДЕНСАУЛЫҒЫ НАШАР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҮЙІРМЕЛЕР НЕГЕ ЖОҚ?

- Қазіргі уақытта қай жерде жұмыс істеп, қай жерде қайырымдылық жасап жүргеніңіз туралы толығырақ айтып өтсеңіз.

- Мен емдік дене шынықтыруды үйрететін нұсқаушы болып жүргеніме 8 жыл болып қалды. Қазіргі уақыта «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының «Балапан» және «Қасиетті жол» оңалту орталықтарында жұмыс істеймін. Екі жыл бұрын елордада «Әли» спорттық-сауықтыру клубын аштым. Бұл жерде ерекше балалар тегін түрде спортпен шұғылданады.


- «Әли» орталығын ашу туралы ой қашан келді?

- Көптен бері мені «Не себепті 12 мүшесі сау балаларға арналған үйірмелер көп, ал ерекше балаларға арналған үйірмелер жоқ?» деген сұрақ мазалап жүретін. Қазіргі кезде технология жақсы дамып кеткен, сол себепті осындай балалар да ұялы телефон, теледидар арқылы соңғы жаңалықтардан хабардар болып отырады. Олар қазақстандық спортшыларымыз да қандай жетістікке жеткенін жақсы біледі және солар сияқты болуға ұмтылады. Бұл орталық 2018 жылы ақпан айында ашылды. «Әли» - жеңімпаз деген мағына білдіреді, сол себепті клуб атауын осылай атап, Бақтияр, Азамат, Асылбек есімді достарыммен игі бастаманы қолға алдық. Сол жағалауда орналасқан «Даун синдромы бар балаларға арналған орталықтың» спорт залы бізге тегін берілді. Бізге келетін ең кішкентай баланың жасы – 4-те болса, ең үлкені – 13 жаста. Бұл жерде оларға бокс, күрес, жекпе-жек, ауыр атлетика, қол күресімен айналысуды үйретеміз. Бұл қызмет түрлері тегін жүргізіледі. Бастапқыда спорт залға 4-5 бала ғана келсе, қазіргі уақытта саны 30-ға жуықтады. Осында келгісі келетіндер саны 200-ден асады, бірақ спорт залдың көлемі кішкентай болуына байланысты қалғандарына әзірге орын жоқ. Аптасына екі сағат жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Осы балалар арасынан паралимпиада чемпиондары шықса жаман ба?

АЛҒАШҚЫ ҮШ АЙ ҚИЫН БОЛДЫ

- Осы жұмыстың бәріне үлгеруге уақыт пен күш-қуатты қайдан аласыз?

- Айналысып жүрген ісіңді жақсы көрсеңіз – бәріне үлгеруге болады. Ең бастысы – бұл жұмыстан не қалайтыныңды, қандай нәтижеге жеткің келетінін түсіну. Мысалы, алдыма келген балалар алғашқы қадамдарын немесе алғашқы қимылдарын жасаған кезде шабыттанамын. Бұл жерде ерік-жігерің мықты болуы керек, өйткені біз балалармен ғана жұмыс істемейміз, олардың ата-аналарына да үміт сыйлап, қолдау көрсетуіміз керек.

- Бастапқыда ерекше балалармен жұмыс істеу оңайға түспеген болар?

- Алғашқы үш ай мен үшін қиын болды. Даун синдромы бар, аутизм, сал ауруына шалдыққан балаларды көру өте ауыр болды. Олардың ата-аналарының көзіндегі қайғыны, көңіл толмаушылықты көру тіптен қиын еді. Балалардың бірі алдыңа құсып, енді бірі «кіш» етіп қояды. Осындай жағдайда да мен бұл жолдан кеткім келмеді. Бойымдағы әртүрлі сезімдерді жеңіп, оларға қайтсем де көмектесем деген тоқтамға келдім. Керісінше, осы саланы тереңірек зерттей бастадым. Осы сала бойынша алғашқы және қазіргі ұстазым – Тәжібаева Дина Талғатқызы. Балалармен қалай жұмыс істеу керек екенін үйреткен сол адам.

КЕЙДЕ ЕШКІММЕН СӨЙЛЕСКІҢ КЕЛМЕЙДІ

- Отбасыңыз қаншалықты қолдау білдіреді? Ата-анаңыз, жұбайыңыз «Ер адам үшін мұндай жұмыс істеу оңай емес, мүмкін басқа салаға барасың?» демей ме?

- Жұбайым мені әрдайым қолдайды. Оған шаршағанымды білдірмеймін. Кейде үйге келген кезде ешкіммен сөйлеспей, тынығып жатқың келеді. Сондай кезде ол мені түсініп тұрады.

- Күнделікті ерекше балалармен жұмыс істегендіктен, өзіңіз әке болуға дайындалып жүрген кезде бойыңызды «Менің де балам дертті болып туса қайтем?» деген үрей билеген жоқ па?

- Жұбайымның айы-күні таяған сайын менен ұйқы қашты. Өте қатты уайымдадым, себебі маған балаларын әкеліп жүрген ата-аналар да күндердің бір күнінде осындай жағдайға тап боламыз деп ойламаған. Тұңғышым өмірге келген күннен бастап оның қалай дамып жатқанын қарап, тексеріп отырдым. Аллаға шүкір, қазір ұлым 1 жас 8 айлық болып қалды. Екінші ұлым дүниеге келер кезде де көңілім орныма түспей, екі есе уайымдадым. Ол жақында бір жасқа толды. Аллаға шүкір, екеуі де аман-есен, денсаулықтары жақсы.

ОЛ ҚАНДАЙ – СОНДАЙ КҮЙДЕ ҚАБЫЛДАЙМЫН

- Әртүрлі дертке шалдыққан балаларын алдыңызға алып келетін ата-аналарды қалай жігерлендіріп, қалай үміт сыйлайсыз?

- Ата-анаға баласы жазылып кететіні туралы сенім сыйлауымыз керек. Мысалы, сал ауруына шалдығып, тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалардың ақыл-есі дұрыс болады. Олар айтатын әңгімелер де қызық: тыңдап отырып, дерті бар бала екенін ұмытып кетеміз. Мысалы, фильм көріп отырған кезде кітапта оқиға желісі басқаша өрбитінін айтады. «Бұл фильмнің атауы мен оқиға желісі сәйкес келмейді. Кітап авторының айтқысы келгені басқа нәрсе еді. Мына оқиға ойдан құрылған, ал тарихи еңбектерде былай жазылған» деп айтып отырған кезде өзім таң қалып тыңдаймын. Кейде «Ағай, беске бесті қосып және беске көбейтсең қанша болады?» деп сұрайды. «50 болады» десем, «Жоқ, ағай, алдымен көбейту, одан кейін ғана қосу амалы жасалады» деп, өзіңе сын сұрақтар қойып, күрделі тапсырмалар береді. Міне, осындай балалардың болашағынан қалай үміт күтпеуге болады? Тағы бір мысал, оңалту орталығына Даун синдромы диагнозы қойылған қызынан бас тартуды ойлап жүрген ана келді. Ол қыз білікті мамандар жұмысының арқасында еңбектеп жүре бастады. Сол кезде анасы көзіне жас алып, «Мен қызымды ешкімге бермеймін. Мен оны жақсы көрем. Оны ренжітпеймін және ренжітуге жол бермеймін. Ол қандай – сондай күйде қабылдаймын» деді. Бұл – біз үшін үлкен бақыт.

АҒА, ОТЫР-ТҰР!

- Тағы да басқа ерекше жағдайларды есіңізге түсіре аласыз ба?

- Оңалту орталығында Даун синдромымен ауыратын бала болды. Мен онымен екі жасынан бастап жұмыс істедім. Бізге келген кезде ол тек отыра алатын. Мұндай балаларға бұйрық бере жұмыс істеуің керек. «Отыр!», «Тұр!», «Жүр!» сияқты сөздер айтып, еңбектетіп, содан кейін қимылдауды, жүруді үйрете бастадым. Мен ит сияқты үру арқылы оның назарын өзіме аударып алатынмын. Арада 3-4 жыл өткенде ол жүре бастады. Бірде ол ертерек келіп, есік сыртында мені анасымен бірге күтіп тұрды. Сосын есікті ашып, ит сияқты «үре» бастады. Жұмысымды тоқтата тұрып, оған қарап едім – ол маған қарап тілін шығарып, қашып кетті. Сол кезде мен оның жүріп қана қоймай, менің әрекетімді қайталап, тіпті әзілдей бастағаны үшін өте қуандым. Қазіргі уақытта ол бала тағамдарды ажырата бастады, тіпті анасына көмектесіп, кір жуатын машинаға киімдерді салып, өз бетімен қоса алатын болды. Мұның бәрі дефектолог, логопед сияқты кәсіби мамандардың еңбектерінің жемісі. Тағы бір мысал, 12 жастағы Әмір деген бала болды. Ол баланың аяқ бұлшықеттерін қатайтуым керек болған. Оған да әртүрлі жаттығу жасататынмын. Бірде ол мені отырған жеріне шақырып алды да «Отыр!» деді. Отырдым. «Тұр!» деп еді, тұрдым. Тағы да «Отыр» деді, одан кейін қайта тұрғызды. Мен оған «Әмір, саған не болды?» десем, «Сіз ғана нұсқаушы боласыз ба, мен де сізге нұсқаушы болайын» деді. Сол жағдайдан кейін оны біз «Нұсқаушы» де атап кеттік.

БАЛАМДЫ АЯҒЫНАН ТҰРҒЫЗЫП АЛАЙЫН

- Ерекше балалары бар отбасыларға қандай кеңес айтасыз?

- Егер ерік өзімізде болса – өмірге Джеки Чан, Брэд Питт болып келер ме едік. Өмірге кім болып, қандай жағдайда келуіміз Алланың қалауымен болады. Біз оған мойынсұнып, шамамыз келгенше қиындық, сынақтармен күресе білуіміз керек. Мұндай балаларды қоғамнан бөліп қарауға болмайды. Дені сау адам әр сәттің, әр қимыл-қозғалысының қадірін білмейді, ал мұндай балалар әрбір қозғалыс, қимыл жасау қаншалықты қиын екенін өте жақсы түсінеді және қадірін біледі. Ертең бізді не күтіп тұрғанын кім біледі? Құдай бетін ары қылсын, аяқ асты жол апатына түсіп немесе инсульт алып дәл осылай сал болып қалмауымызға кім кепіл? Мүмкіндік болса, үйдегі бір бөлмені осы балаңызға арнап жабдықтаңыз. Оның ойнайтын, жүгіретін, секіретін, заттарды ұстап көретін мүмкіндігі болсын. Ол оңалту орталығында, дене шынықтыру клубында істеген жаттығуын үйде де қайталайды, себебі бұлшықеті кеше не істегенін ұмытпайды. Балаңызға еркіндік берсеңіз – көп қимылдайды. Көп ата-ана өмірге осындай бала келсе «Алдымен осы баламызды аяғынан тұрғызып алайық» деп көп жылдар жоғалтып алады. Өмірге келесі баланы әкелуден қорықпау керек, себебі әр баланың өзіне тән сынағы, өзіне тән несібесі болады.

ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР ЖОБАЛАРҒА ҚОЛДАУ КЕРЕК


- Мемлекет басшысы осы жылды «Волонтерлер жылы» деп жариялады. Осыған орай волонтерлікке қатысты жоспарыңызды іске асыру мүмкіндігі пайда болатын шығар?

- «Әли» спорттық-сауықтыру клубы жұмыс істейтін спорт зал 5-6 балаға ғана арналған. Ол жерде қазіргі уақытта 30 бала жаттығу жасайды. 200-ге жуық ата-ана хабарласып, осы жерде балалары тегін түрде жаттыққанын қалайтындарын айтады. Ол үшін кең спорт зал керек. Ойымызды жүзеге асыру үшін талай есік қақтық, талай бағдарлама бойынша жобамызды қорғап, грант алуға талпындық, бірақ ешбір нәтиже жоқ. «Волонтерлер» жылында өтетін шараларға бөлінген қаржы осындай жобаларды қолдауға да жұмсалса деген ниет бар. Осындай әлеуметтік маңызы бар жобаларға қолдау керек. Егер кең спорт залымыз болса әртүрлі дертке шалдыққан 200 баланың спортпен айналысуына себепші болып, паралимпиадаларға дайындаушы едік. Аптасына 2 рет емес, 4 рет тегін түрде көмек көрсетер едік.

- Алдағы уақытта қандай жоспарыңыз бар?

- 29 ақпан күні сағат 16:00-де Жекпе-жек сарайында «Қазақ батырларының құрылтайы» шарасы өтеді. Бұл жолы «Нұр Отан» партиясы залды тегін беріп отырғанын айтып өткім келеді. Бұл шараны өткізу себебіміз – Халықаралық олимпиада чемпиондары мен клубымызда спортпен айналысып жүрген балаларды кездестіріп, оларға жігер, рух сыйлау. Құрылтайға Олимпиада чемпиондарын, қала әкімін, депутаттар мен БАҚ өкілдерін шақырдық. Шара барысында спортшылар шеберлік сыныптарын өткізіп, орталықтың балалар бокс, күрес, жекпе-жектен өз өнерлерін көрсетеді.

- Сөз соңында сұхбатқа алып-қосарыңыз бар ма?

- Таңның атысы қайырымдылықпен басталып, күннің батысы қайырымдылықпен аяқталса – одар асқан сауапты іс жоқ. Биыл «Волонтер» жылы деп жарияланғанмен, бұл істі жүрек қалауымызбен бірнеше жыл бұрын бастап кеттік. Алла сәтін салып, осы жылдан бастап қайырымды жандар мен игі бастамаларды қолдаушылар қатары көбейе түссе құба-құп болар еді.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар