Волонтерлерден сыйлыққа үй алған ақтөбелік қарт көзіне жас алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылының тұрғыны Таңжарбай Жақин баспаналы болды. Баспананы ауыл волонтерлері сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарқамыс ауылының еріктілері қазір «Нұр Шапағат» тобына біріккен. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап жастар ауылдағы мұқтаж отбасыларға жұмыла қамқорлық көрсету, жалғыз қалған қарияларға көмек беруді мақсат етті.


«Ел ішінде волонтер қызметі жеті бағытта жұмыс істеп жатыр. Біз көбіне қайырымдылық бағытын таңдап отырмыз. Топтың құрамындағы жастардың дені нұротандықтар. Осыған дейін көпбалалы 18 отбасыға көмек көрсеттік. Таяуда 65 жастағы жалғызбасты қарияға ауыл тұрғындарының көмегімен баспана алып бердік. Ол өзі қарашаңырақта тұрады. Бірақ баспанасы апатты жағдайда еді. Біз ауыл адамдарының, кәсіпкерлердің көмегімен ақша жинап, үйді алып, ішін әктеп, қажетті жабдығын жеткіздік. Үйде орталықтандырылған су мен газ бар. Ал қарияны ауыл ақсақалдары көндіріп, көшуге келісімін алды», - деді Үміт Ақболатқызы.


Айта кетейік, еріктілер сондай-ақ қайырымдылық концерттер ұйымдастырып, 2 науқас сәбиге шетелде операция жасауға көмек берді. Қыста жалғызбасты қариялардың ауласындағы қарды күреп, үйін әктеп, тазалап береді.
«Волонтерлердің фронт-кеңсесінің ашылуында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев біздің бастамаларымызды қолдады. Бұл бізге ерекше серпін берді, идеяларымызға қанат бітірді. Астанадан тың жоспарлармен оралдым. Өзім ауылда кітапханашымын. Еріктілік біздің негізгі жұмысымызға кедергі емес. Алғашында тосырқай қарағандар болды. Бірақ уақыт өте келе қолдаушылар табылды. Біз ұйымшылмыз, әрдайым біргеміз. Алға жоспарымыз көп. Науқас балалардың еміне қол ұшын созып, ақша жинап бергіміз келеді», - дейді Үміт Ақболатқызы.


Соңғы жаңалықтар