Волонтерлікті және үкіметтік емес секторды ынталандыруға бағытталған қадамдар енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Назарларыңызға волонтерлік пен қайырымдылықты және үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға қатысты Заң жобасын ұсынамыз. Аталған заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың азаматтық қоғамды қолдау туралы тапсырмаларын орындауға бағытталған. Заң жобасын әзірлеу барасында қоғам өкілдерінің ұсыныстары ескерілді. Осылайша, 5 кодекске және 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, 39 жаңа норма және қолданыстағы заңнамаға 37 өзгеріс көзделген. Заңнамалық жаңашылдықтар аталған салаларды реттеуге емес, ең алдымен, қайырымдылықты, волонтерлікті және үкіметтік емес секторды ынталандыруға және дамытуға бағытталады», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов.

Волонтерлік және қайырымдылық қызметке тоқталған ол, қайырымдылық және волонтерлік ұйымдары мемлекеттік мүлікті жеңілдікпен пайдалануы үшін сенімгерлік басқаруға беру

туралы нормалар енгізілгенін айтты.

«Қайырымдылық субъектілерін ынталандыру мақсатында, оларға құрметті атақтар беру тетігі көзделген. Қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган ұғымы енгізіліп отыр. Оның қызметі қайырымдылық саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, салааралық үйлестіруді қамтамасыз етуге, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталады», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, бизнесті волонтерлік пен қайырымдылыққа қатысуға ынталандыру үшін заң жобасына корпоративтік волонтерлік пен корпоративтік қайырымдылықты регламенттейтін нормалар енгізілді.

«Еріктілерге азаматтық қызметке орналасу кезінде артықшылықтар беріледі. Атап айтқанда, мемлекеттік мекемелерге, қазыналық кәсіпорындарға жұмысқа орналасу кезінде конкурстық комиссия кандидаттың волонтерлік тәжірибесін ескереді. Бұған ұқсас ынталандыру шаралары қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметке кіру кезінде қарастырылған», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, заңнаманы жетілдіру аясында гранттық қаржыландыру жүйесін қайта форматтау және ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылдың жаңа тетігі - стратегиялық әріптестікті енгізу ұсынылады.

«Гранттық қаржыландыруға қатысты тоқталсақ, гранттар жүйесінің градацияланған негізде келесі түрлерін енгізу көзделеді: қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді жобалар. Бұл ретте, гранттың түріне қарай қаржыландыру көлемі, мерзімі, ҮЕҰ-ның конкурсқа қатысу шарттары және есептілікке қатысты талаптар айқындалады. Сөз жоқ, бұл тәсіл гранттық қаржыландыру рәсімдерін жеңілдетеді», - деді Б. Тілепов.

Екіншіден, өзекті бағыттар бойынша гранттарды жоспарлаудың жаңа форматын енгізу көзделген. Бұл гранттарды халықтың қажеттіліктеріне тікелей бағыттайды. Аталмыш тетік «төменнен жоғарыға» тәсілін енгізуге мүмкіндік береді. Яғни, ҮЕҰ-лар өз жобалары арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге шұғыл ден қойып, шешімдерді уақытылы қабылдайды.

«Үшіншіден, гранттық саясаттың салалық тәсілін кеңейту үшін орталық мемлекеттік органдарға оператор арқылы гранттар ұсынуға құзыреттер беріледі. Төртіншіден, гранттардың тиімділігін бағалау тетігін енгізу көзделген. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың қызмет сапасын анықтауға, бюджеттік шығындардың тиімділігін қадағалауға және гранттардың өміршеңдігін бағалауға мүмкіндік береді», - деді Болат Тілепов.

«Стратегиялық әріптестікке қатысты тоқталсақ, бұл - ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылдың жаңа тетігі. Мәселен, Ұлыбританияда мемлекет тәжірибелі ҮЕҰ-мен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін стратегиялық әріптестікті орнатады. Біз де осы тәжірибені негізге алып отырмыз. Мемлекеттік органдар стратегиялық әріптестер пулын бейінді әрі барлық жерде өкілдіктері бар ҮЕҰ-лар қатарынан қалыптастырады. Бұл қоғаммен байланысты жандандыруға және сұраныстарды дереу Үкіметтің күн тәртібіне қойып отыруға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар