Ямайкалық бойжеткен «Әлем аруы 2019» атанды

None
None
ЛОНДОН. ТАСС-ҚазАқпарат – Ямайка өкілі Тони-Энн Сингх «Әлем аруы 2019» халықаралық байқауының жеңімпазы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС-қа сілтеме жасап.

Екінші орынды Франция намысын қорғаған қара нәсілді ару Офели Мезино алса, үшінші жүлде үндістандық Суман Ратансингх Раоға берілді.

«Әлем аруы» тәжіне ие болған Тони-Энн Сингх 23 жаста. Ол Флорида штатының (АҚШ) университетінде психология және феминология ғылымын игеруде. Хоббилерінің арасында аспаздық, волонтерлік, видеоблог жүргізу және ән айту бар. Оның вокалдық қабілеті шығармашылық кезеңде жеңіске жетіп, жартылай финалға өтуіне мүмкіндік берді. Опералық арияларды нақышына келтіріп орындайтын ямайкалық бойжеткен қазылар алқасы мен көрермендерге Уитни Хьюстонның (1963-2012) I have nothing («Менде ештеңе жоқ») әнін орындап берді.

«Меніңше, бұл сахнаға ерекше дүниені – әлемді өзгертуге талпынған әйелдер буынын таныстыруға шықтым. Өзге қатысушылардан артықшылығым бар деп ойламаймын, бірақ мені ерекше ететін тұсым – өзге әйелдерге көмектесуге құштарлығым, оларға менде бар мүмкіндіктерді сыйлауға қолдан келгенді жасау», - деді Сингх «бұл жеңіске неліктен өзін лайықты деп санайтыны туралы» британдық тележүргізуші және қазылар мүшесі Пирс Морганның сауалына жауап бере келе.

Байқауда Қазақстан намысын 19 жастағы Мәдина Батық қорғады.

Павлодарлық бойжеткен осы жылдың мамыр айында елордада өткен «Қазақстан аруы» байқауында жеңіске жеткен болатын. Қазылар алқасы еліміздің барлық өңірінен қатысқан 32 арудың тек 5-еуін супер-финалға шығарды. Олар үш тапсырманы орындады: өзін таныстыру, киім үлгісін көрсету және қысқа метражды фильм арқылы өз өңірінің туристік әлеуетін паш ету. Ақылына көркі сай аруды қазақстандықтар SMS-пен онлайн-дауыс беру арқылы таңдады. Оның нәтижесінде биылғы байқаудың жеңімпазы Мәдина Батық болды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ол «Әлем аруы-2019» байқауы үшін Қазақстанның туристік орындары туралы шағын ролик түсірді. Онда Мадина туған елі туралы баян етеді. Қазақ жерінің ең көрікті орындарын таныстырып, Шымбұлақ, Шарын шатқалы, Қайыңды көлі, ежелгі Сауран қаласы мен Түркістан, елорда туралы әңгімелейді. Видеода қазақтың ұлттық тағамдары мен ойындарына да назар аударылған.

Айта кетсек, «Әлем аруы-2019» байқауы биыл 69-рет өтті. Оған 125 елден арулар қатысты.

2018 жылғы жеңімпаз Мексика өкілі Ванесса Понсе болды.

Соңғы жаңалықтар