YONHAP өкілі: Корея жаңалықтарына сұранысты арттыру үшін k-pop жанрының әлеуетін пайдаланамыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – YONHAP Корея Ақпарат агенттігінің жаһандық стратегия тобының жетекшісі Жун Сын Ли өз еліндегі ақпараттық саясатта интернет-платформалардың басымдығын пайдаланудың маңызы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осыдан 40 жыл бұрын құрылған YONHAP жаңалық агенттігі – Кореяның медиакеңістігінде орталық ақпарат құралы болды. Әу бастан компания басқа да жаңалық агенттігі секілді радио және телевизиялық, мәтін күйіндегі жаңалықтарды жергілікті деңгейде таратып отырған. Осынау артықшылықтар ондаған жылдар бойы YONHAP агенттігін елдегі негізгі жаңалық таратушыға айналдырды. Кореяның барлық жаңалық таратушы ұйымдары YONHAP агенттігінің жаңалықтарына сүйеніп келді. Әсіресе ел ішіндегі және шетелдегі ең шұғыл жаңалықтарды алып отырды. Компания өзгеріп бара жатқан уақыттың талаптарына әрдайым бейімделуге тырысады», - деді Жун Сын Ли Astana Media Week 2020 шарасының «Мультиплатформалылық» пленарлық сессиясында.

Оның айтуынша, YONHAP осыдан бірнеше жыл бұрын интернет-платформаларда бірқатар жаңалықтар арнасын іске қосқан. Сонымен қатар агенттіктің телевизиялық арнасы да ашылған.

«Біздің агенттіктің Facebook, Instagram парақшалары әрдайым ақпарат таратып отыр. Сонымен бірге агенттіктің Youtube-контентіне де сұраныс өте жоғары. Әлем халқына қолжетімді болуы үшін ақпаратты ағылшын тілінде де таратамыз. Медиаплатформалардың көмегімен тұрақты өсім қарқынын сақтап келеміз. Кореялық мәдениетке қатысты айтар болсақ, біз контентті дамыту үшін k-pop музыка ағымының әлеуетін пайдаланамыз», - деді ол.

Айта кетсек елорадада Astana Media Week 2020 шарасы өтіп жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – отандық медиасаланы дамыту мен индустриядағы іскерлік қарым-қатынасты аймақтық және халықаралық деңгейде ілгерілету. Медиаапталық төртінші жыл қатарынан әлемнің түпкір-түпкірінен жетекші сарапшыларды дәстүрлі түрде жинап келеді және өзекті тақырыптар талқыланады.



Соңғы жаңалықтар