Зарема Шәукенова: Жаппай саяси қуғын-сүргін, ашаршылық - өткен ғасыр тарихының қаралы беттері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 31 мамырда біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз, және бүгін бүкіл ел аумағында түрлі іс-шаралар өтіп, мемориалдарға гүл шоқтары қойылады. Әрбір осындай іс-шара Қазақстан халқының тарихи санасы мен тарихи жадын сақтауда сындарлы дискурстың қалыптасуына елеулі үлес қосады, сондай-ақ ғалымдарға, тарихшыларға, қоғам қайраткерлеріне жад саясаты сияқты маңызды бағытта сындарлы диалог жүргізуге мүмкіндік береді. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова осындай пікір білдірді.

«Жаппай саяси қуғын-сүргін, ашаршылық - өткен ғасыр тарихының қаралы беттері. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің бір сөзінде айтқандай – «Тарих сабақтары қазақстандықтардың қазіргі ұрпағының түсінуі мен ұғынуы кезінде ғана құндылыққа ие болады». Сондықтан өз тарихымызды және қандай да бір тарихи оқиғалардың мәнін білу - әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік деңгейде «үлкен террор» құрбандарын мәңгі есте қалдыру бойынша шаралар жүйелі түрде қабылданды. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. 1997 жылы елімізде маңызды күндер күнтізбесінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні - 31 мамыр пайда болды. Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін қазақ ұлтының миллиондаған құрбандары мен қазақ қоғамы элитасының опат болуына әкеп соқты. Саяси себептер бойынша 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. ГУЛАГ жүйесінің 11 лагері қазақ жерінде жұмыс істеді, онда КСРО-ның 5 миллионнан астам азаматы, қуғын-сүргінге ұшырағандар мен олардың отбасы мүшелері болды. Сондай-ақ, олардың еркінен тыс көптеген халықтар Қазақстанға жер аударды. Сондықтан Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні әрбір отбасы мен әрбір қазақстандық үшін ерекше және тарихи маңызды болды», - дейді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры .

Оның айтуынша, бүгін еліміздің тарихи мұрасын сақтау үдерісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше рөлін атап өткен жөн. Өйткені ҚХА 2009 жылдан бастап Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Болашақ үшін естелік» халықаралық жобасын жүзеге асырып келеді.

Бұл жобаның мақсаты - ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту, болашақ ұрпақ үшін тарихи жадыны сақтауда азаматтық қоғамды біріктіру.

Жоба шеңберіндегі форумдар жыл сайын еліміздің түрлі өңірлерінде, соның ішінде бұрынғы АЛЖИР, Карлаг лагерлерінде өткізіледі.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үдерісіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа серпін берді. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау мақсатында Президент «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» құруды тапсырды, оның аясында еліміздің және одан тыс жерлердегі түрлі мұрағаттарда ғалымдар мен сарапшылардың белсенді зерттеу жұмысы жүргізілуде. Мемлекет басшысы өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында идеологиялық бағдарларды атап өтіп, тәуелсіз Қазақстанның тарихи түпмәтінінің «түйіткілді тұстарын» белгіледі. Президент тарихқа деген құрмет өткенге оралуды білдірмейді, керісінше, тарихи сана елдің одан әрі дамуына, өркендеуі мен бірлігіне қызмет етуі керек екенін ерекше атап өтті», - дейді Зарема Шәукенова.

Ғалым Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанда ел тарихын зерделеу және дәріптеу бойынша ірі ауқымды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар іске асырылып жатқанын атап өтті.

Дегенмен, тарихшылар мен саясаткерлер Қазақстанның тарихи өрісінде әлі де көптеген «ақтаңдақтардың» бар екенін айтады.

Оларды дәйекті деректермен, мұрағаттық материалдармен, сапалы тарихи, археологиялық және генетикалық зерттеулермен толықтыру қажет.

«Негізгі тарихи оқиғаларға қатысты ішкі консенсус өте маңызды. Өз тарихын қайта қарау «кінәлілерді» үнемі іздестіруге және қарама-қайшылық тудырмауға тиіс. Ғалымдардың пікірінше, белгілі бір оқиғаны ұлттық тарихи баяндаудың кілті ретінде таңдау бірнеше факторға байланысты. Оның ішінде басты рөлді бұл оқиғаның ел мен халықтың тағдырына да, ұжымдық жадқа да әсер ету ауқымы ойнайды. Ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда, елдің ішкі бірлігін нығайтуда және басқа мемлекеттермен тату көршілік қарым-қатынаста қандай да бір оқиғаның қаншалықты орынды екенін түсіну де маңызды. Сондай-ақ, мифологизацияға және ғылымға қарсы пікірлерге, тарихи тақырыптарға жол бермеу өте маңызды, оның үстіне Қазақстан тарихында жоғары ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және халықты топтастыру тетіктері болуы мүмкін фактілер көп. Жалпы алғанда, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы, «Болашақ үшін естелік» жобасы, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу кітаптарын» жариялау, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына ескерткіштерді, «Қазақ халқына мың алғыс» монументтерін ашу - осының барлығы еліміздің өткені, бүгіні және болашағының көкжиегін жақындататын тарихи жадтағы қазақстандық саясаттың жалғасы», - деп түйіндейді сөзін Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова.


Соңғы жаңалықтар