Зейнетақы жинақтарын ем алу бағытында қалай пайдалануға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева зейнетақы жинақтарын ем алу бағытында қалай пайдалануға болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер бірыңғай зейнетақы төлемдерінің жеткіліктік шегі ем алуға пайдалануға жеткілікті болса, онда азамат өзінің емханасына барып, біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен ем-дом алуға бағыттау туралы дәрігерлік комиссияның қорытындысын алуы керек», - деді Г. Сәрсенбаева Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ақысы қымбат қызметтердің санатына енген медициналық ем-дом жасау тізімін атады.

Олардың арасында орфандық, яғни сирек кезедесін ауруларды емдеу, стоматологиялық қызметтер, реконструктивті әрі қалпына келтіру операциялары (пластикалық), медициналық сауықтыру қамтылған. Сауықтыруға барған азаматтар Қазақстан аумағындағы медициналық ұйымдар мен шипажайларда болады.

Мұнымен қоса, зейнетақы жинағының бір бөлігі есебінен офтальмологиялық қызметтер бағытында пайдалануға болады.

«Бұл тізім тұрғындар арасындағы сұранысқа қарай өзгеруі мүмкін. Өтініш беруші келесі қадамда өзінің қалауы бойынша медициналық ұйымды таңдайды, оның ішінде шетелдік ұйымдар да болуы ықтимал. Азамат ЭЦҚ көмегімен уәкілетті оператордың интернет ресурсында авторизациядан өтіп, өзінің жеке кабинетін аушы тиіс. Жеке кабинетте тиісті сомамен біржолғы зейнетақы төлеміне электронды өтінімді толтырып, дәрігерлік комиссия қорытындысының көшірмесі мен ем-дом жасайтын медициналық ұйыммен шартты белгілеу керек», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов зейнетақы жинағын мақсатты пайдалануға қатысты түсінік берді.

«Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өз жинағын тексеріп, жеткіліктілік шегінен асатын қажетті соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс. БЖЗҚ Қордың сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы үзінді-көшірме алудың қолжетімді және жедел тәсілдерін ұсынады. Зейнетақы шотының жай-күйін egov.kz порталы арқылы да тексеруге болады. Зейнетақы жинақтарын алу туралы шешім қабылдаған адамдар тұрғын үй сатып алу және емделу мәселелері жөніндегі уәкілетті операторға (Отбасы банк) жүгіне алады. Уәкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті оператордың арнайы шоттарына салу үшін аударуды жүзеге асырады», - деді Ж. Құрманов.


Соңғы жаңалықтар