Зейнетақының бір бөлігіне өтінім беруден бастап пайдаға жаратуға дейінгі алгоритм жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Отбасы банкі» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев зейнетақының бір бөлігіне өтінім беруден бастап пайдаға жаратуға дейінгі алгоритм жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда Отбасы банкімен қатар, Халық банкі де өкілетті орган ретінде осымен жұмыс істейтінін (зейнетақының бір бөлігін алу ісімен) жариялап отыр. Олар да арнайы есепшоттарды ашып жатыр», - деді Жансұлтан Матаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Банк өкілі өз сөзінде өтінімді берілгеннен кейінгі жұмыс алгоритмі қалай болатынын түсіндірді.

«Осы бағдарламаға қатысқысы келетін азаматтар бірыңғай зейнетақы жинағы қорындағы өзінің жинағын есептеуі керек. Одан кейін «Отбасы банкінде» немесе өз қалауы бойынша екінші деңгейлі банктерден арнайы шот ашуы керек. Үшінші қадам: ертең, яғни 23 қаңтардан сағат таңертеңгі 09.00-де «Отбасы банкте» порталы ашылады. Сол порталға азаматтар өзінің электронды қолтаңбасы арқылы кіреді. Ол порталға азаматтар жеткілікті деңгейден артық соманы қай мақсатқа пайдаланатынын көрсетіп, өтінім береді. Ал өтінім зейнетақы қорына жолданады. Бес күннің ішінде ол жақтан жауап келіп, мақұлданғаннан кейін азамат «Отбасы банктің» порталы арқылы растайтын құжаттарды тіркеп, арнайы есепшотындағы ақшаны өзі көрсеткен реквизиттер бойынша сатып алушыға, не болмаса ипотеканы өтеуге жолдайды», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев азаматтар зейнетақы жинағының бір бөлігін қандай жағдайда пайдалана алатынын түсіндірген болатын.

Соңғы жаңалықтар