Ózgerіs ustasy: Қазақстанның үздік әлеуметтік кәсіпкерлері марапатталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 15 қараша күні Алматыда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосқан кәсіпкерлер «Ózgerіs ustasy» жүлдесімен марапатталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл марапат әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға және Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына ықпал еткен халықаралық ұйымдар, корпоративтік бизнес, БАҚ немесе мемлекеттік институттарға беріледі.

Сыйлықты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ және «Act for Impact» (Impact Hub Almaty) КҚ бірлесіп ұйымдастыруда.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Польша, Оңтүстік Корея сияқты шет елдерде заңнамалық деңгейде белсенді дамып келеді. Қазіргі уақытта жалпы Қазақстанда кәсіпкерлік қызметі арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу тәжірибесі кеңінен тарады. 2000-шы жылдардың ортасында көптеген үкіметтік емес ұйымдар Counterpart International және USAID қолдау бағдарламасы арқылы өздерінің коммерциялық қызмет бағыттарын құрған болатын. Бағдарламаға «Намыс», «ЗУБР», «Жеті Ағаш» жоғары білімі бар мүгедектердің қоғамдық бірлестігі сияқты ұйымдар қатысты», - деді Impact Hub Almaty компаниясының тең негізін қалаушы Индира Шах.

Оның айтуынша, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың екінші толқыны 2010 жылдың басында жүргізілді.

«Бұл аралықта әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша алғашқы форумдар, конференциялар өткізілді. Шеврон компаниясы, Алматы Менеджмент университеті, Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы, Орталық Азияның Еуразия қоры, Қазақстандағы Британ кеңесі әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау мен білім беру бағдарламаларын қолға алды. Сол кезде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік кәсіпкерлікті реттейтін заңнамалық түзетулер мен анықтамалар енгізуге әрекет жасады. Бірақ, әлеуметтік кәсіпкерлік анықтамасы әлі күнге дейін заңды түрде бекітілмеген және әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданбаған. Алайда, көптеген сарапшылар заң туралы айтуға әлі ерте, әлеуметтік кәсіпкерлерді анықтау мен қолдауға баса назар аудару маңызды деп санайды», - деді И. Шах.

Сонымен қатар, жүлдені табыстау аясында аймақтар бойынша әлеуметтік кәсіпкерлер тізімі, олардың қызметінің негізгі бағыттары мен мәселелерін қамтитын Әлеуметтік кәсіпкерлік картасын таныстыру жоспарланған. Ол үшін мына парақша арқылы сауалнамадан өтіп, тіркелуге болады.

Бүгінгі таңда бейресми есеп бойынша Қазақстанда шамамен 200 әлеуметтік кәсіпорын жұмыс істейді. «Ozgeris Ustasy» сыйлығына келіп түскен өтінім нәтижесіне сәйкес, ұйымдардың 60%-ға жуығы мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру және әлеуметтік бейімдеу, жалпы әлеуметтік осал топтарды қолдау мәселелерін шешеді. Сондай-ақ, білім сапасы мен қолжетімділігі (16,3%) және экология (9,3%) мәселелері де өзекті болып отыр.

Әзірге «Ózgerіs ustasy» сыйлығына қатысушылар арасынан өтінімдер қабылдау аяқталып, қоғамдық дауыс беруге қатысатын 22 финалға қатысушы анықталды.

Дауыс беру қорытындысы бойынша 15 үздік әлеуметтік кәсіпкер анықталады. Олар 6 аталым бойынша іріктеліп, 500 мың теңге көлемінде грантқа ие болады. Үміткерлерге дауыс беру 2019 жылғы 14-30 қазан аралығында voting.ozgeris-ustasy.kz сайтында жүргізілді.

Соңғы жаңалықтар