Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры сегіз айда 93,7 млн теңге төлеген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жәбірленушілерге өтемақы беру қоры 8 айда 93,7 млн теңге төлеген. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов орталық коммуникациялар қызметінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылдың 8 айында 720 жәбірленушіге жалпы сомасы 93 723 000 теңге өтемақы төленді. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өтем алған жәбірленушілердің саны - 3 есе, төленген қаражат көлемі - 4 есе артық. Азық-түлік себетіндегі бағалардың айтарлықтай өсуін, жалпы халық өмірінің қымбаттауын ескере отырып, ІІМ Қаржы министрлігіне өтемақының мөлшерін арттыру туралы ұсынысты жолдады», - деді ІІМ өкілі.

Санжар Әділовтің айтуынша, Қылмыстық кодекстің 46-бабына сәйкес, қылмыстардың 124 құрамы бойынша жәбірленгендер өтемақы алады және олар өзара үш санатқа бөлінеді.

Бірінші санат – сексуалдық зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстар бойынша жәбір көрген кәмелетке толмағандар, адам саудасымен және азаптаулармен байланысты жәбірленгендер (22 құрам бойынша). Мұндағы өтемақының мөлшері – шамамен 90 000 теңге.

Екінші санат – денсаулығына ауыр зиян келтірілген не адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған адамдар (42 құрам бойынша). Өтемақының мөлшері – шамамен 120000 теңге.

Үшінші санат – жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, жәбірленушінің құқықтары берілген адамдар (60 құрам бойынша). Өтемақының мөлшері – шамамен 150000 теңге.


Соңғы жаңалықтар