Жақын туыстардың зейнетақы жинағын емделуге жұмсауға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынған қаражатты қандай емге жұмсауға болатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оны алу үшін азамат БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы біржолғы зейнетақы төлемінің қолжетімді сомасын анықтауы қажет. Егер қордағы сома жеткілікті болса, онда азамат тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, дәрігерлік комиссияның біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберу туралы қорытындысын алуы қажет», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның түсіндіруінше, дәрігерлік комиссия өтініш берген күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберу туралы не медициналық көрсеткіш болмаған жағдайда бас тарту туралы шешім қабылдайды. Қорытынды дәрігерлік комиссияның отырысы өткізілген күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде беріледі.

Жинақталған зейнетақы қаражаты есебінен азаматтар орфандық ауруларды емдеу, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер (тісті протездеу, имплантация), операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды түзету мақсатында реконструктивті және қалпына келтіру операциялары (пластикалық), сондай-ақ мастэктомия, радионуклидтік және радиойодтерапия, радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, кибер пышақ), протонды терапия, офтальмологиялық қызметтер сияқты қымбат тұратын қызметтерді ала алады. Сонымен қатар, аталған тізбе халықтың қажеттілігін ескере отырып, өзгеруі мүмкін.

Медициналық комиссияның оң қорытындысы болған жағдайда өтініш беруші медициналық ұйымды таңдап, шарт жасасуы қажет. Содан кейін, ЭЦҚ көмегімен уәкілетті оператордың интернет-ресурсында өзінің жеке кабинетін ашу, онда сомасын, пайдалану мақсатын көрсете отырып, біржолғы зейнетақы төлеміне электрондық өтінішті толтыру, дәрігерлік комиссия қорытындысының сканерленген көшірмелерін, медициналық ұйыммен емдеу туралы шартты бекіту және өзінің ЭЦҚ-мен куәландыру қажет. Өтініш берушінің ЭЦҚ-сы қойылған, уәкілетті операторда тіркелген Төлемге арналған өтініш туралы мәліметтер БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама шеңберінде келіп түседі. БЖЗҚ уәкілетті оператордан электрондық хабарлама алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын өтініш берушінің уәкілетті операторда ашылған арнайы шотына аударады.

Уәкілетті оператор алушы ұсынған біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсаты бойынша құжаттарды тексереді және олар сәйкес келген жағдайда оларды алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде өтініш беруші таңдаған медициналық ұйымның нысаналы мақсаты бойынша қаражатты аударады.

«Сондай-ақ, жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемдерін емдеуге пайдалануға болатынын атап өткім келеді. Мұндай жағдайларда тараптар жеке кабинетте туыстық қатынастарды растайтын құжаттарды қоса көрсетіп, олардың ЭЦҚ-мен куәландырылатын біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады», - деді Г.Сәрсенбаева.

Еске салсақ, 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды.

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланды. Зейнетақы жинағынан алуға болатын сома БЖЗҚ сайтында автоматты түрде көрсетіледі. Сонымен қатар Зейнетақыны пайдалану бойынша медициналық қызметтердің тізімі бекітілді.



Соңғы жаңалықтар