Жақындап Абай жылы – жарты әлемді тербеді Абай жыры

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ләйлім-Шырақ есімді 9 жастағы оқушының эстафетасын Президент іліп әкеткелі Абайдың өлеңі мен қара сөзін оқу дәстүрі бүгінде жарты әлемге тарап кетті. Арысы АҚШ, Франция мен Жапонияның, берісі түркі тілдес елдердің өкілдері үн қосқан челлендж әртүрлі сипат алып, дүниенің әр түкпіріндегі ниеттес халықтардың қолдауына ие болып жатыр.

#Abai 175 челленджі күн өткен сайын ауқымын кеңейтіп жатыр. Акцияға Ресей, Беларусь, Ұлыбритания, Италия, Египет, Түркия, АҚШ, Украина, Австралия, Қырғызстан, Франция және Қытай сияқты 12 елдің интернет қолданушылары атсалысып үлгерді».

«Болашақ» бағдарламасының түлегі Шынар Шәкен (@shakenshynar) бастаған акцияны әуелі танымал блогерлер мен вайнерлер қолдап әкеткен болатын. Осылайша әлеуметтік желіде #Abai175 және #Абай175 хэштегімен жарияланған креативті идеялар көбейді.

Өзінің бірінші қара сөзінде Абай Құнанбайұлының «ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі» дегені бар. Ұрпағы «керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі» дейтін күдігін сейілтіп, мыңмен жалғыз алысқан кемеңгер бабаның мұрасын ұлт болып ұйысу жолында шамшырақ етіп ұстап келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Жарлығындағы «мазмұндық деңгейде мерекелеу» сөзіне ерекше маңыз беруіміз керек. Яғни, маңыз – той тойлауда емес, ой ойлауда.

Өткен айда Ләйлім-Шырақ Абай өлеңдерінен үзінді оқып, эстафетаны жалғастыруды Мемлекет басшысына жолдады.


Оқушының бұл ұсынысын зор қуанышпен қабылдап, ақынның жастарды білім мен ғылымға шақыратын «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінен үзінді оқып, жауап берді. Мемлекет басшысы Абай өлеңдерін оқу эстафетасын одан әрі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдады.

Әлбетте, министрлермен бірге Димаш та ізгі эстафетаның тізгінін іліп әкетті.

Басталғалы бері эстафетаға алғаш рет халықаралық сипат берген де Димаш Құдайберген еді. Әнші ресейлік композитор Игорь Крутойға және әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандарына Абай жырымен сәлем жолдады.


«Атамыздың өнерін тағы бір мәрте әлемге паш етуге өз үлестерін қосу үшін осы эстафетаны Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалин ағама, РФ-ның халық әртiсi Игорь Крутой ағамызға және менің тыңдармандарым #dears-тарға жолдаймын», - деп жазды әнші постында.

Осылайша, поэзия эстафетасын Игорь Крутой, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Ресейдің шоу-бизнес өкілдері, Ақтөбенің әкімі Оңдасын Оразалин, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Талғат Теменов жалғастырып әкетті.

Ұлы бабаны ұлықтау бастамасына Әзербайжан, Түркия, Ирак, Татарстаннан ниеттес ағайынның атсалысқаны қуантады. Жыр эстафетасының географиясының кеңіп, Еуразия кеңістігінде кең тарауына әзербайжандық танымал журналист Аида Эйвазова, түркиялық Yakup Ömeroğlu үлес қосқанын ерекше атап өту керек.

Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та Абай жырынан көпке шашу шашты.


Сондай-ақ, жапон депутаты Такео Кавамура Абайдың 38-ші қара сөзінен үзінді оқыса, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп қазақ тілінде көрерменнің жүрегін тербетті.


Ал АҚШ Елшісі Уильям Мозер «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін әсем әуеннің сүйемелдеуімен оқып берді.


«Татарстан: Жаңа ғасыр» телерадио компаниясы мен Қырғызстанның ұлттық «Кабар» ақпарат агенттігінің тілшілері де ізгі бастамадан тыс қалған жоқ.



Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин болса, бұл маңызды шараны одан әрі жалғастыру үшін өзбекстандық әріптесі Өзбекстан Парламентінің Спикері, Өзбекстан Олий Мажлисінің Заң шығару палатасының төрағасы - Нурдинжон Исмоиловке жолдады.

«Абай ақын әрі ұлы ойшыл бола отырып, халықтар арасында бейбітшілік салтанат құрғанда ғана қоғамның негізгі күштері: ғылым, озық ойлар, мәдениет дамиды деп санады», - деді өз кезегінде челленджді жалғастырғырған ӨР Олий Мажлис палатасының спикері Нурдинжон Исмоилов.

Баба жырын дәріптеу акциясына еліміздің басты халықаралық ақпарат агенттігі үн қатты. ҚазАқпарат ұжымы Абайдың 175 жылдығына арналған эстафетаны «Egemen Qazaqstan» газетінен қабыл алды. Бірнеше тілде ақпарат тарататын агенттік қызметкерлері ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» әнін бес тілде шырқап, эстафетаның мазмұнын байытты.


Бір ай бұрын басталған челленджге үн қосып жатқандар әлі де көп. Абайдың 175 жылдығын тойлауды еліміз осындай ізгі жыр эстафетасымен бастады.

Соңғы жаңалықтар