Жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына 4,6 мың адам өтініш берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақстандық ипотекалық компания арқылы сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үй алу» бағдарламасы аясында 4 635 азаматтан өтініш келіп түсті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің онлайн баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1054 қаулысымен тұрғын-үй коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын. Мемлекеттік бағдарламаның бір бағыты –«Қазақстандық ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үй алу бағдарламасын жүзеге асыру. Биыл наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» АҚ арасында коммуналдық тұрғын-үй қорында тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған әкімдікке бағынышты білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қызметкерлер, полиция департаменті және төтенше жағдай департаментінде жұмыс істейтін қызметкерлер үшін сатып алу құқығы бар жалдамалы тұрғын үйлерді сату туралы келісімге қол қойылған болатын», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ түгендеу және есепке алу бөлімінің маманы Ақнұр Мақсатқызы.

Оның айтуынша, осы жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі тұрғын-үй коммуналдық мемлекеттік мекемесі осы бағдарлама аясында 244 пәтерге өтініш қабылдаған.

«Өтінішті қабылдау 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында жүргізілді. Осы уақыт аралығында 4 635 азаматтан өтініш келіп түсті. Тоқталып өтетін болсам: білім беру саласы бойынша 2 030, денсаулық сақтау саласы бойынша – 723, мәдениет саласы бойынша – 209, спорт саласы бойынша – 84, әлеуметтік сала бойынша – 668, полиция департаментінен – 613, төтенше жағдайлар департаментінен – 308 өтініш келіп түсті. Аталған бағдарлама нәтижесі бойынша барлық санат бойынша кезекте тұрған азаматтар қатыса алды. Яғни мемлекеттік мекемедегі, бюджеттік мекемедегі қызметкерлер, әскери қызметкерлер, сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын азаматтар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен көпбалалы отбасылардан өтініштер келіп түсті. Қазіргі уақытта түскен өтініштерді қарастырып жатырмыз», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар