Жамбыл облысы емдеу мекемелеріне жаңа жедел жәрдем көліктері тапсырылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының медициналық мекемелері жаңа жедел жәрдем көліктерін пайдалануға алды. Бұған дейін облысқа өкпені жасанды желдету аппараттары (ӨЖЖ), пульсоксиметрлер және оттегі концентраторлары бар гуманитарлық жүк келген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жолғы көмек «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум аясында көрсетіліп отыр. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қайырымдылығының бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust»

Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қажетті жабдықтарды сатып алып, оларды өңірлерге жіберуде.

Осы орайда Жамбыл облысына 3 ӨЖЖ, 5 оттегі концентраторы, 50 пульсоксиметр жеткізілді.

Сондай-ақ, облысқа Shevrolet Damas маркалы 8 жедел жәрдем көлігі берілді.


«Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы медициналық препараттар мен дәрі-дәрмектерді, оттегі концентраттарын, ӨЖЖ аппараттарын және коронавирус індетімен күресуге арналған басқа да құрылғыларды сатып алуға көмектескені үшін жанашыр жандарға алғыс білдірді. Бұл көмек әсіресе індет кезінде қажет. «Самұрық-Қазына» АҚ-нан алынған барлық жабдықтар қалалық және аудандық емханалар арасында бөлінген», - дейді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Айта кетейік, мұндай жиынтықтар әрбір облыс, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларға жеткізілетін болады.

«Бұл шаралардың барлығы біздің медицинамыздың жұқпалы аурулармен, соның ішінде COVID-19 коронавирустық инфекциямен күресуге дайындық деңгейін арттыруға және ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.


Соңғы жаңалықтар